Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысында маңызды нысандарды аралап, жергілікті тұрғындардың мәселелерін тыңдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапар кезінде депутатпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылдық округіне барып, мал бордақылау кешенінің құрылысымен танысты.
Жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Қарқын-2030» ЖШС жобасы іске қосылғанда, 5000 бас ірі қара малды бордақылап, Америка технологиясы қолданылады. Жоба аудан тұрғындары үшін 30-ға жуық тұрақты жұмыс орнын ашады деп күтілуде.
Одан әрі Мәжіліс депутаты мен облыстық мәслихат төрағасы аудан әкімі Азизхан Исмаиловпен бірге «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінде жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазығұрттың символына айналған бұл кешеннің жаңғыртылуы ауданның туристік әлеуетін көтеріп, өңірдің көркін арттыруға септігін тигізбек.
Биіктігі 51 метр болатын мемлекеттік ту орнатылған кешен аумағында 1880 м² жерге газон төселіп, 29 жарық шамдары қойылып, 400 шырша көшеті егілген.
Сонымен қатар, Темір Қырықбаев «AMANAT» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, халықтың сұрақтарына жауап берді. Ардагерлер үйінде болған кездесуде қазыналы қариялардың өзекті мәселелері тыңдалып, ұсыныстары назарға алынды.
Іссапар аясында Мәжіліс депутаты Темір Базарбайұлы ауыл жастары мен тұрғындары үшін ашылған Шұбарбұлақ спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Заманауи кешеннің ішінде күрес, бокс, тренажер залдары мен жабық футбол манежі бар.
Ал сыртқы алаңда баскетбол, волейбол, футбол және жеңіл атлетика алаңдарымен қатар, «street workout» құрылғылары және балалар ойын алаңы қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл спорт кешенінде 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.
Таяуда Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылдық округінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

