ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің өндірістік әлеуетімен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сенаторлармен бірге сапар барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков және Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев та қатысты.
Халық қалаулылары алдымен Ордабасы ауданы Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін зауыт жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын 2015 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы зауытта бүгінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауытта тракторлардың 5 түрі құрастырылып, өнімге сұраныс күн санап артуда.
Бұдан кейін депутаттар алюминий профильдерін шығаратын «Central Asia Aluminum company» зауытына барды. Бұл кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 20 мың тоннаны құрайды, ал өндірілген өнімнің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынған зауытта 200-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда құрылыс жұмыстары сапалы атқарылып, өндіріске озық технологиялар енгізілген.
Сенат депутаттары жұмыс сапары аясында Бадам ауылында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірді дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Облыста индустриялық даму бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары өңірде инвестициялардың арқасында ірі зауыттар іске қосылып, өнімдерді терең өңдеу саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Сенаторлар бұл бағыттағы жұмыстарды қолдап, одан әрі дамыту қажет екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

