Куба мен Венесуэла арасындағы көп жылға созылған «мұнай мен қауіпсіздік саудасы» тарих қойнауына кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы әскери операциясынан кейін Дональд Трамп Truth Social парақшасында осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Америка соққысынан кейін Венесуэлада негізінен Куба азаматтары зардап шеккен. Бұған дейін ресми Гавана Каракаста қауіпсіздік мақсатында жүрген 32 азаматының қаза болғанын растаған еді.
Трамп Венесуэланың енді Гавана жіберген жасақтарға тәуелді болмайтынын кесіп айтты. Оның пікірінше, Каракастың қауіпсіздігін бұдан былай АҚШ-тың «әлемдегі ең қуатты әскері» қорғайды.
«Куба көп жылдар бойы Венесуэланың есебінен өмір сүрді. Қомақты қаржы мен мол мұнайдың орнына Гавана екі бірдей венесуэлалық диктатордың жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келді. Бірақ енді мұндай мәміле болмайды», – дейді АҚШ-тың бұрынғы президенті.
Ақ үйдің Кубаға қарата айтылған сөздері Каракас операциясынан соң бірден қатқыл сипат ала бастады. Алғашында әскери араласудың қажеті жоқ екенін алға тартқан Трамп, Кубаның өзі-ақ іштен құлайтынын меңзеген болатын.
Арада көп өтпей оның риторикасы күрт өзгерді. Вашингтонның бұдан былай «басқа амалы қалмағанын» айтып, Гаванаға тікелей қысым жасай бастады.
Дегенмен Дональд Трамп Кубамен әлі де «келісім жасасуға» дайын екенін, бірақ оның нақты шарттарын ашып айтпай отырғанын да еске салған жөн.
Ал Куба тарапы АҚШ-тың бұл әрекетін ашық агрессияға балайды. Елдің сыртқы істер министрі Бруно Родригес «Кубаның ұстанымы әрқашан әділет жағында» екенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-тың күш көрсету, әскери араласу мен қоқан-лоққы саясаты тек аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Гавана ешқашан басқа мемлекеттердің ішкі ісіне қол сұқпағанын, жалдамылылар жалдап, қауіпсіздікпен сауда жасамағанын алға тартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

