Қазақстанда 2026 жылы Есіл өзенінің бойында аса ірі гидронысан Есіл контрреттегішінің құрылысы басталмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа су торабы Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын тасқын қаупінен қорғайды әрі су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді. Жобаның мән-жайын Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов баяндады.
Нысанды тұрғызу қажеттігі көптен бері көтерілгенмен, іске кірісу Су ресурстары министрлігі құрылғаннан кейін ғана қарқын алған. Өткен жылы жоба құжаттары мемлекеттік сараптамадан толық өткен.
«Контрреттегіштің жалпы құны 102 миллиард теңге. Ақша? Ақшаны Азия даму банкімен келісім негізінде заем ретінде аламыз. Биыл осы жобаны бастауды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Қазір көктемгі тасқын кезінде Есіл өзеніне мол су жиналады. Оны Астана су қоймасы толық ұстай алмай, ағын солтүстікке қарай Сергеев су қоймасына өтеді. Алайда бұл қойма да артық суды ұстап тұра алмай, еріксіз төменгі ағысқа жібереді. Салдарынан Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендерді су басу қаупі туындайды.
Есіл контрреттегіші тасқын суды жинап, жазғы маусымда шаруалардың егіс алқаптарына пайдалануына мүмкіндік береді. Осы арқылы өңірдегі аграрлық секторға да үлкен қолдау жасалмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

