Қазақстанда балаларды шетелде емдеуге жіберу көрсеткішін екі есе азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Cоңғы үш жылда туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға жіберілетін балалар саны үш есеге төмендеген. Ал кардиохирургиялық емге жіберілетіндер саны бес еседен аса қысқарыпты.
– Елімізде жыл сайын екі мыңнан астам балаға жүрекке операция жасалады, бұл олардың өмір сапасын жақсартуға, жүрек ақауларын уақытында түзетуге мүмкіндік беріп отыр. Биылдан бастап протондық терапия, йодтерапия және тамыр ауруларын емдеу толықтай қолжетімді болады, – деді министр.
Ақмарал Әлназарова ми ісіктері мен тамыр ауруларын бірден емдеу мақсатында гибридті операция бөлмелері енгізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту аясында 36 балаға «гамма-пышақ» аппаратының көмегімен радиохирургиялық операциялар жүргізілген.
Министр жыл сайын елімізде 400-ге жуық балаға есту импланттары орнатылып, шамамен 700 шала туған нәрестеде көздің ретинопатиясын емдеу жұмыстары атқарылатынын айтты.
«Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар нәтижесінде азаматтардың шетелге емделуге жіберілуі 50%-ға қысқарады деп күтілуде», – деп түйіндеді министр.
Естідіңіздер ме, еліміздегі мектептерде былтыр басталған бірнеше пәнді біріктіру реформасы уақытша тоқтатылатын болыпты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

