ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысы басталатынын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Бұл жоба Павлодар өңіріне 1,2 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жаңа электр станциясының ерекшелігі оның энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталады. Бұл жүйе жаңартылатын энергия көздеріндегі табиғи ауытқуларды реттеп, еліміздің электр желісіне тұрақты қуат береді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ, министр жобаның қоршаған ортаға пайдасы зор екенін атап өтті.
– Екібастұздағы жел электр станциясы іске қосылған соң жыл сайын 3,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл атмосфераға шығатын газ көлемін жылына 2 млн тоннаға дейін төмендетуге сеп болады. Осы арқылы Қазақстан энергетикасының тұрақтылығын күшейтуге айтарлықтай үлес қосамыз, – деді министр.
Өз кезегінде Қытай елшісі Хань Чуньлин бұл жоба екі ел арасындағы үкіметаралық келісімдердің нақты іске асуы екенін атап өтіп, стратегиялық ынтымақтастықтың маңызын растады.
Кездесу соңында ҚР Энергетика министрлігі, «State Power Investment Corporation» корпорациясы мен «Pavlodar Green Energy» ЖШС арасындағы келісімге қол қойылды.
Айтпақшы, күні кеше ғана Ерлан Ақкенженов бензин бағасының болашағына қатысты Ertenmedia-ның сұрағына жауап берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

