АҚШ президенті Дональд Трамп Куба үкіметінің әрекеттеріне байланысты ұлттық төтенше жағдай режимін жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сонымен қатар АҚШ президенті Кубаға мұнай жеткізетін елдерге қосымша тариф енгізу механизмін әзірлеуді тапсырды.
Трамптың жарлығында Куба билігінің саясаты мен әрекеттері АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына «ерекше әрі төтенше қауіп» төндіретіні анық айтылған. Осыған орай АҚШ президенті төтенше жағдай жариялап, арнайы экономикалық шараларды іске қосуды бұйырды.
Жарлықта Куба басшылығының Вашингтонға қарсы мемлекеттермен және ұйымдармен байланысын арттырып жатқаны жазылған. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Иран, сондай-ақ ХАМАС пен «Хезболла» қозғалыстары аталды.
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, Куба өз аумағын шетелдік әскери және барлау объектілерін орналастыру үшін ұсынған. Әсіресе, Ресейдің шетелдегі ең ірі радиоэлектрондық барлау орталығының жұмысы көрсетілген. Бұл орталық АҚШ-тың пікірінше, маңызды ақпаратты жинауға арналған.
Сондай-ақ жарлықта Куба мен Қытай арасындағы қорғаныс және барлау саласындағы ынтымақтастықтың тереңдеп жатқанына назар аударылып, Гавана трансұлттық террористік топтардың қызметіне қолайлы жағдай жасап отыр деген айып тағылды.
АҚШ қауіпсіздігіне қауіп
АҚШ президенті жариялаған төтенше жағдайға жауап ретінде арнайы тарифтік механизм жасалуы тиіс. Ол Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай сататын немесе жеткізетін елдерден импортталатын тауарларға қосымша кедендік баж енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Бұл мемлекеттерді анықтау АҚШ сауда министріне және Мемлекеттік департаментке жүктелген. Бұдан кейін мемлекеттік хатшы тиісті ведомстволар басшыларымен бірлесіп, тарифтердің мүмкін деңгейін президентке ұсынуы қажет.
Кедендік баж салғын енгізу және олардың нақты көлемі туралы соңғы шешімді АҚШ президенті қабылдайды.
Құжатта Куба билігі адам құқықтарын бұзып отыр деген айыптар да келтірілген. АҚШ билігінің пікірінше, Гавана саяси қарсыластарды қудалап, сөз бостандығын шектеп, азаматтық қоғам мен діни қауымдастықтарға қысым жасап отыр.
Сонымен қатар Кубаның саясаты өңірдегі тұрақсыздыққа ықпал етеді деген айыптау айтылған. Вашингтонның пікірінше, бұған миграциялық дағдарыстар және коммунистік идеологияны тарату әрекеттері дәлел.
Құжат Куба немесе басқа да елдер қауіп-қатерді азайтып, АҚШ-пен жақындасу үшін нақты қадамдар жасаса, шараларды қайта қарауға немесе жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар президент басқа мемлекеттердің жауап шаралары болған жағдайда бұл санкцияларды күшейту құқығын да өзінде қалдырды. Жарлық АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 2026 жылғы 30 қаңтар сағат 00:01-де күшіне енеді.
Айтпақшы, еліміз санкция құрсауындағы Кремльге элиталы көліктер жеткізудің көлеңкелі дәлізіне айналғаны анықталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

