Құрметті достар! Біз олимпиада чемпиондарымыздың есімдерін жақсы білеміз. Олардың жеңісі бүкіл ел үшін үлкен оқиғаға айналады. Бүгін басқа саладағы, атап айтқанда, білім мен ғылымдағы жетістік туралы айтқым келеді. Nazarbayev University биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Дамира Әшімханқызы Қанаева британдық Advance HE ұйымының Principal Fellow (PFHEA) мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл қысқа аббревиатураның артында 15 жылдық оқытушылық тәжірибе, білім беру бағдарламаларын дамыту және жас зерттеушілерді даярлау еңбегін мойындау жатыр.
Advance HE дегеніміз не?
Advance HE – университеттерге оқыту сапасын, академиялық көшбасшылықты және білім беру ортасын дамытуға көмектесетін халықаралық ұйым. Оның Fellowship жүйесі оқытушыларға халықаралық стандарттар шеңбері бойынша кәсіби үлесін растауға мүмкіндік береді. Үміткер өз жұмысының нәтижелері мен оның оқыту үдерісіне тигізген әсерін дәлелдейді; бұл материалдар сараптамалық бағалаудан өтеді.
Бұл мойындау университетке емес, нақты адамға беріледі. Ол маманның оқытушылық тәжірибесі мен жоғары білім берудегі көшбасшылық деңгейін көрсетеді.
Principal Fellow нені білдіреді?
Advance HE жүйесінде төрт саты бар:
1) Associate Fellow: студенттерді оқытуға қатысу және жеке тәжірибенің расталған сапасы.
2) Fellow: дербес әрі нәтижелі оқытушылық жұмыс.
3) Senior Fellow: әріптестерінің білім беру тәжірибесін дамыту, тәлімгерлік және өз сабағының шеңберінен тыс ықпал ету.
4) Principal Fellow: ең жоғары саты. Ол университет, кәсіби сала немесе одан да кең көлемде оқыту тәсілдерін өзгертетін көпжылдық стратегиялық көшбасшылықты растайды.
Төртінші сатыда адамның жай ғана лекцияны жақсы оқитынын көрсету жеткіліксіз. Оның жұмысының нәтижесінде студенттердің жақсырақ білім алып, өзге оқытушылардың қызметі дамығанын дәлелдеу қажет.
Сандар сөйлегенде
ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде жоғары білім алатын 269 миллион студент болған. Түрлі елдерде 22 мыңнан астам аккредиттелген жоғары оқу орны жұмыс істейді.
Advance HE мәртебесіне ие мамандар 120-дан астам елде бар. Төрт саты бойынша мойындауды 230 мыңнан астам адам алған. Ал ең жоғары сатыға – Principal Fellow деңгейіне шамамен 2,5 мың адам жеткен, бұл осы кәсіби қауымдастықтың шамамен 1 пайызын құрайды.
Әлем бойынша олимпиада чемпиондарының саны 12 мыңнан асады, Эверестке шыққандар – 7 500-ден көп. Ал Ла-Маншты жеке жүзіп өткендер шамамен 3 мың адам. Principal Fellow иегерлерінің саны дүние жүзіндегі халықаралық шахмат гроссмейстерлерінің санымен пара-пар келеді.
Бұл жетістіктердің барлығының ережесі де, тарихы да бөлек. Салыстыру бүкіл әлем бойынша шамамен 2,5 мың адамнан тұратын қауымдастықтың қаншалықты шағын екенін елестетуге көмектеседі.
Бізге жақын салыстыру
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қоржынына 17 спортшы олимпиада алтынын салды: Владимир Смирновтан бастап Михаил Шайдоровқа дейін.
Ашық дереккөздерден Қазақстанмен байланысы бар бар болғаны төрт адамның ғана (барлығы әйелдер) Principal Fellow мәртебесін алғанын растауға болады:
1) Аида Сағынтаева: Nazarbayev University вице-провосты және Жоғары білім беру мектебінің деканы.
2) Гүлмира Қанай: Nazarbayev University вице-президенті.
3) Дамира Қанаева: Nazarbayev University биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
4) Елена Калюжнова: Henley Business School, University of Reading (Ұлыбритания) профессоры. Қазақстанда туып, білім алған.
Бұл ресми тізілім емес: мәртебенің басқа да иегерлері болуы мүмкін, тек олар туралы мәліметтер ашық дереккөздерде жарияланбаған.
17 олимпиада чемпионы және Advance HE ұйымының ең жоғары Principle Fellow кәсіби мәртебесіне ие Қазақстанмен байланысты 4 профессор. Біз спорттағы жеңіс пен оқытушының еңбегін салыстырмаймыз, бірақ әртүрлі салада әлемдік мойындауға қол жеткізген тұлғалардың есімдерін бірдей мақтанышпен атай аламыз.
Бұл мойындау несімен құнды?
Дамира Әшімханқызы Nazarbayev University-де 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол биологиядан дәріс береді, білім беру бағдарламаларын дамытады және студенттердің ғылымға қадам басуына көмектеседі. Университет құрылған алғашқы жылдары ол Пәнаралық аспаптық орталықты (сегіз зертхана, 53 қызметкер) басқарып, Университеттің зерттеулер жүргізу мен докторанттарды даярлауға арналған зертханалық базасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарды.
Оның ғылыми зерттеулері ауру қоздырғыштары мен биомаркерлерді анықтауға арналған биосенсорларға арналған. Университеттің зерттеу бейінінде оның еңбектеріне 1 100-ден астам сілтеме жасалғаны көрсетілген. Нәтижелер қатарында туберкулезді диагностикалау саласындағы әзірлемеге патент бар.
Алайда оқытушының ықпалы тек ғылыми жарияланымдар мен патенттермен шектелмейді. Ол өзі зерттеушіге айналып, жеке жобаларын қолға алып және өзгелерді оқыта бастаған шәкірттері арқылы жалғасады.
Бір аптадағы қос оқиға
27 қазан күні Advance HE Дамира Әшімханқызына Principal Fellow мәртебесін берді. Келесі күні, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын арнады.
«Қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші – білім, ғылым және инновация», – деп атап өтті Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар «Мемлекетімізге қашанда мықты ғалымдар, жоғары білікті инженерлер, білгір ұстаздар мен білікті дәрігерлер қажет болады» деген ойды шегелеп айтты.
Бұл екі оқиғаның арасы бір-ақ күн болғаны өте мәнді. Олар Қазақстанда ғылым мен білімдегі еңбегі ең жоғары бағаға лайық адамдардың қаншалықты көп екенін еске салады.
Біз еліміздің атын шығарып жүрген барлық азаматтарға: олимпиада чемпиондары мен барлық спортшыларға, шахмат гроссмейстерлеріне, шыңдарды бағындырушылар мен ашық суда жүзушілерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ұстаздар, оқытушылар мен профессорлар, соның ішінде Advance HE ұйымының барлық сатыларының иегерлері де осындай құрметке лайық. Бұл сатылардың әрқайсысы зор еңбек пен өз ісіне деген шынайы адалдықты көрсетеді.
Баршасына шын жүректен жаңа табыстар, ашылулар және Қазақстан игілігі жолында бұдан да зор жетістіктер тілейміз!
Біз чемпиондарды жалау желбіретіп, қошеметпен қарсы аламыз. Ендеше ғалымдарымыз бен оқытушыларымыздың да жетістіктерін дәл солай байқайық. Өйткені болашақ дәрігерлердің, зерттеушілер мен инженерлердің артында оларға алғашқы қадам жасауға жәрдемдескен адамдар тұр.
Дамира Әшімханқызы, Сізді халықаралық мойындалуыңызбен құттықтаймын! Жаңа ашылулар, мықты шәкірттер, адал серіктестер және Қазақстан ғылымы мен білімі игілігі үшін толағай табыстар тілеймін!
Аида Сағынтаеваны, Гүлмира Қанайды және Елена Калюжнованы да жоғары жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын! Тәжірибелеріңіз бен көшбасшылықтарыңыз жоғары білім беру сапасын одан әрі биікке көтере берсін!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







