1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысында 90 мыңдық 3-ші армияны басқарған генерал Марэсукэ Ногиге стратегиялық маңызы аса зор Порт-Артур теңіз базасын алу жүктелді. Теңізден де, құрлықтан да жан-жақты бекінген алып қамалды бағындыру орасан зор құрбандықты талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жапон сарбаздары қанды шайқастарда теңдессіз ерлік көрсетіп, 22 мыңнан астам жауынгерінен айырылды. Дәл осы майданда қолбасшы өзінің қос бірдей бел баласын жер қойнына тапсырды. Ол өз перзенттерін қарапайым жауынгерлермен бірдей қауіпке байлап, артықшылық бермеген еді.
Ақыры 1905 жылдың қаңтарында орыс гарнизонының қарсылығы біржола сынып, Порт-Артур Жапонияның бақылауына өтті. Алайда туған балалары мен мыңдаған отандасының қанымен келген жеңіс қолбасшының жүрегінде ауыр жара болып қалды.
Император алдындағы жауапкершілік
Ұлы жеңістен соң елге оралған генералды дүйім жұрт қаһарман ретінде қарсы алып, Мэйдзи императоры оған графтық жоғары ақсүйек дәрежесін берді. Алайда шен-шекпенге масаттанудың орнына, қолбасшыны мыңдаған боздақтың аманаты қатты қинады.
Ол императордың жеке қабылдауында тізерлеп тұрып, көзіне жас алып, өз-өзіне қол жұмсауға (сеппуку жасауға) рұқсат сұраған болатын. Қолбасшы өзінің қарамағында қаза тапқан әрбір боздақтың өмірі үшін жеке жауапкершілік сезінді.
«Он мыңдаған сарбазым менің бұйрығыма бағынып, император мен ұлы еліміз үшін жанын қиғанда, мен қалайша тірі жүре аламын?», – деп ашына сұрады генерал.
Мемлекет билеушісі оның ішкі жан айқайын терең түсінгенімен, қаһарман қолбасшысынан айырылғысы келмеді. Император оның өтінішіне салмақты жауап қатты.
«Мен сізді түсінемін, бірақ бұл дүниеден өткіңіз келсе, ол тек мен дүниеден озған соң болсын!», – деп бұйырды Мэйдзи императоры. Самурай салтына берік генерал бұйрыққа қарсы шығуға батпай, өз сертіне адал қалды.
Сарбаздарға арналған ғұмыр
Марэсукэ Ноги өзіне бұйырған қалған ғұмырын мансап қууға емес, қан майданда жараланған қарапайым сарбаздарына қызмет етуге арнады. Ақсүйек текті әрі ауқатты қолбасшы жеке байлығының басым бөлігін өзімен бірге соғысқан мүгедек сарбаздарды емдейтін арнайы ауруханалар мен оңалту орталықтарын салуға жұмсады.
Сонымен қатар қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету үшін бауырластар зиратына ескерткіш стелалар орнатты. Ол ескерткіштер Жапонияда күні бүгінге дейін сақталып тұр. Қатардағы кез келген ардагер генералдың үйіне келіп, көмек сұрай алатын. Ноги соңғы тиынына дейін сарбаздарының еміне жұмсап, шын мәнінде халықтың жанашыр қамқоршысына айналды.
Антқа адалдық пен абырой сабағы
1912 жылдың шілдесінде Мэйдзи императоры дүниеден озды. Осыдан кейін генерал Ноги өзін монарх алдындағы антынан босатылдым деп есептеді. Ол императорды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі күні, тарихта харакири деген атпен белгілі сеппуку ғұрпын жасап, өз-өзіне салтанатты түрде қол жұмсады. Қолбасшының жары Сидзуко ханым да ерінің бұл қасиетті шешімін қолдап, онымен бірге о дүниеге аттанды.
Өз сарбаздарын жай ғана «зеңбірек жемі» ретінде пайдаланып, олардың қанының есебінен байып отыратын кейбір елдердің басшылары мен қолбасшылары үшін генерал Ногидің өмірі – ұлы адамгершілік пен нағыз офицерлік абыройдың теңдессіз сабағы.
Бұл тарихи оқиға жапон әскери элитасының ар-намыс пен адалдық қағидаттарын өмірден де биік қоятынының мәңгілік дәлелі. Жапон генералының бұл әрекеті Күншығыс елінің рухын бүкіл әлемге мойындатқан қасиетті құндылық ретінде тарихта қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







