Бүгін Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен отырыста жаңа Конституция жобасы талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Серік Егізбаев депутаттарға еліміз үшін тағдыршешті құжаттың басты бағыттарын таныстырып, Конституция жобасын жан-жақты зерделеуге шақырды.
– Қазақстанның болашағын айқындайтын өте маңызды құжат. Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді мұқият әрі жан-жақты қарастырып, тек ресми дереккөздерге сүйене отырып пікір қалыптастыру қажет. Қазір қоғамда шындыққа жанаспайтын түрлі арандатушы ақпараттар тарап жатыр, солардың жетегінде кетпейік, – деді Серік Егізбаев.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірпалаталы Парламент құру туралы бастамасына негізделген. Жаңа Конституция жобасы преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты басымдығы деп белгіленген. Сондай-ақ бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім негізгі құндылық ретінде бекітілді.

Білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде анықталып, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мен саяси институттарды қайта жаңғырту сияқты жаңа нормалар енгізілген.
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Конституция жобасын бірауыздан қолдап, оның еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуға жол ашатынын атап өтті.
Жиын соңында Серік Егізбаев Конституцияның жаңа жобасына қатысты соңғы шешімді жалпыұлттық референдум арқылы Қазақстан халқы қабылдайтынын айтты. Конституциялық комиссия өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылау жөніндегі алқа отырысы өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

