Қазақстанда әрқайсысы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы екі мыс балқыту зауытын салу мәселесі талқыланып жатыр. Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, мұндай жобалар елді шикізат экспортынан терең өңдеуге көшіреді, алайда алдымен қаржыландыру мен баға белгілеудің тұрақты үлгісі қажет, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобалардың бірі Абай облысында, екіншісі Балқаш қаласында жүзеге асырылуы мүмкін. Ашық деректерде екі кәсіпорынның да жоспарланған қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс деп көрсетілген.
Қытайдағы нөлдік баға Қазақстанға өлшем бола алмайды
Құсайыновтың айтуынша, Қытай нарығында мыс концентратын өңдеу құны кейде тоннасына нөл долларға дейін түседі. Алайда мұндай споттық бағаны Қазақстандағы жаңа зауыттарға тікелей өлшем ретінде қолдануға болмайды.
Мыс концентратын өңдеу кезінде негізгі металдан бөлек алтын, күміс, күкірт және басқа да қосалқы өнімдер алынады. Кей кәсіпорын негізгі металды шартты түрде тегін өңдегенімен, қосалқы өнімдерді өзінде қалдыру арқылы табыс табады. Сондықтан «тегін өңдеу» деген ұғым нақты шығынның жоқтығын білдірмейді.
Айдархан Құсайыновтың ойынша, споттық баға ұзақмерзімді инвестициялық жобаларға сенімді бағдар бола алмайды. Нарықтағы уақытша артық қуат шетелдік кәсіпорындарға демпинг жасауға мүмкіндік береді, бірақ жаңа зауыт ондаған жыл жұмыс істейтіндіктен, оның экономикасын қысқа кезеңдегі бағаға байлау қауіпті.
Экономист мұнай нарығындағы 2020 жылғы теріс фьючерстік бағаны және электр энергиясының кей нарықтардағы теріс бағасын осындай құбылмалылықтың мысалы ретінде келтіреді. Оның айтуынша, споттық нарықтың күрт ауытқуы өндірісті жоспарлауды қиындатып, ұзақмерзімді капитал салымына кедергі келтіреді.
Шикізатты тасымалдау дайын металдан қымбат
Құсайынов мыс концентратын шетелге тасымалдауға кететін шығынды да есепке алуды ұсынады. Концентрат құрамында бос жыныстар мен басқа элементтер болғандықтан, оның бір тонна таза металға шаққандағы көлік шығыны катодты мысты тасымалдаудан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Оның айтуынша, өңдеу тарифін анықтағанда логистикадан үнемделетін қаражат та ескерілуге тиіс. Концентрат Қазақстанда балқытылса, мемлекет дайын металл мен қосалқы өнімдерді экспорттап, көлікке кететін артық шығынды азайтады.
Құсайыновтың пікірінше, толық металлургиялық тізбегі жоқ мемлекет өзінің жер қойнауындағы байлығын толық игере алмайды. Кен өндіріп, концентратты сыртқа жөнелту елді шетелдік зауыттарға шикізат жеткізуші ретінде қалдырады. Сирек және түсті металдардың қорымен мақтану үшін оларды бөліп алып, тазартып, дайын өнімге айналдыратын технология болуы қажет.
Сондықтан Қазақстан уақытша демпингке емес, өзінің ұзақмерзімді өнеркәсіптік мүддесіне сүйенуі керек. Жаңа зауыттар катодты мыспен бірге алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа өнімдер шығарып, экспорттық табыстың үлкен бөлігін ел ішінде қалдыра алады.
Зауытты бизнес салып мемлекет тұрақты ереже ұсынуы керек
Айдархан Құсайынов мыс металлургиясын мұнай өңдеу саласымен тікелей салыстыру дұрыс емес деп есептейді. Мұнай өңдеу зауыттары бағасы реттелетін ішкі нарыққа жұмыс істейді. Ішкі баға көрші елдер мен әлемдік нарықтан төмен болғандықтан, өндірушілер жанармай бағасын жанама түрде субсидиялауға мәжбүр.
Ал мыс концентраты да, катодты мыс та әлемдік бағамен экспортталады. Экономистің айтуынша, осы ерекшелік жеке инвестиция тартуға және коммерциялық тұрғыдан өміршең өндіріс құруға мүмкіндік береді.
Құсайынов жаңа зауыттарды мемлекет емес, жеке бизнес қаржыландыруы керек деп санайды. Жобаға кен өндірушілер, дайын металды тұтынушылар немесе дербес металлургиялық компаниялар қатыса алады. Мемлекеттің міндеті кәсіпорынды бюджет есебінен салу емес, өңдеу құнын өтейтін ашық әрі болжамды тарифтік тәртіп қалыптастыру.
Оның ойынша, тариф ұзақмерзімді инвестицияның қайтарымын, логистикалық үнемді, қосалқы өнімдердің құнын және экологиялық шығындарды қамтуы қажет. Қазақстан энергетикадағы тарифтерді ұзақ уақыт жасанды түрде төмен ұстап, соның салдарынан инфрақұрылымның тозуына тап болды. Экономист металлургияда осы қателікті қайталамауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







