Астана мен Алматыда ірі қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұйымдасқан топ адам ұрлау, ақша бопсалау және қасақана мүлік бүлдірумен айналысқан. Алматыда болған бір оқиғада күдіктілер жергілікті тұрғынды ұрлап әкетіп, оны аяусыз соққыға жыққан. Сөйтіп, 12 миллион теңге төлеуді талап еткен.
Қылмыскерлер кәсіпкерлерге де қысым жасаған. Полиция дерегі бойынша, олар бизнесмендерді қорқытып-үркіту үшін автокөліктерін өртеген.
Күштік құрылымдардың арнайы операциясы кезінде 20-дан астам нысанға тінту жүргізілді. Нәтижесінде ірі көлемдегі ақша, суық қару және басқа да айғақ заттар тәркіленді.
Қазірге дейін алты күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың өзге мүшелерінің ізіне түсу үстінде.
Күні кеше біз Шымкентте «Кропаль» атымен танымал атышулы қылмыс әлемінің серкесі құрықталғанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

