Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев жаңа Конституция жобасын толық қолдап, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Азат Перуашев фракция жаңа Ата заңның жобасын талқылау барысында парламенттік реформаға және құжаттың басқа да бағыттарына қатысты 50-ден аса ұсыныс енгізгенін айтты.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституциядағы кәсіпкерлік құқықтарын қорғау, меншік түрлерінің алуан түрлілігі мен кепілдіктерін сақтаудың маңызы зор. Сонымен қатар банк және коммерциялық құпияны қорғау сияқты нормалар кәсіпкерлік ортаға, жалпы ел экономикасына оң әсер етеді.
– Әсіресе, елімізге жай ғана инвестиция емес, озық технологияларды әкелуге мүмкіндік беретін «жедел дамитын қалаларға» ерекше мәртебе беру бастамасы өте маңызды. Себебі нарықта жаңа тауарлар мен қызметтер пайда болғанда, реттеу тетіктері әрдайым үлгере бермейді, – деді Перуашев.
Контекст
Сонымен қатар, Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының бірпалаталы Парламент құру туралы ұстанымын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл модель партияның ұлттық бизнестің мүддесін қорғау бағытындағы негізгі көзқарастары мен қағидаттарына толық сәйкес келеді.
«Жаңа Конституция жобасы жоғары деңгейде әзірленген деп есептейміз. Әріптестеріміздің оны жалпыхалықтық референдумға шығару туралы ұсынысын толық қолдаймыз», – деп қорытындылады Азат Перуашев.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Жаңа Конституцияның жобасы тарих пен бүгіннің сабақтастығын сақтай отырып, ұлт болашағын айқындайтын ерекше құжатқа айналғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

