Сонымен жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Онда бұрын болмаған саяси институттар Құрылтай, Халық Кеңесі және вице-президент лауазымы енгізілген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жобаның 52-бабына сәйкес, Құрылтай Қазақстан Республикасындағы заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.
Құрылтайдың өкілеттілігі алғашқы сессиясының ашылу сәтінен басталып, келесі сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылғанға дейін жалғасады. Конституцияда көрсетілген белгілі бір жағдайларда ғана оның жұмысы мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Құрылтайдың жұмысы мен депутаттардың құқықтық мәртебесі арнайы конституциялық заңмен реттеледі.
Құрылтай отырысы жалпы депутаттар санының кемінде үштен екісі қатысқанда ғана өтеді. Отырыстар негізінен ашық форматта болады, бірақ арнайы регламентте қарастырылған жағдайда жабық отырыстар өткізілуі мүмкін.
Тағы бір елеулі өзгеріс
Конституция жобасындағы тағы бір елеулі өзгеріс Қазақстанда вице-президент институтының енгізілуі және қоғамдық диалогтың жалпыұлттық алаңы ретінде Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы.
Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңестің құрамы Қазақстан азаматтарынан құрылады. Оның құрамы, жасақталу тәртібі, өкілеттілігі мен жұмыс тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
Халық Кеңесінің негізгі міндеттері мемлекеттің ішкі саясатының бағыттарын айқындап, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету.
Сонымен қатар, Кеңес Құрылтайға заң жобаларын ұсына алады, жалпыұлттық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге және басқа да заңмен белгіленген өкілеттіктерге ие.
Вице-президенттің міндеті қандай?
Жаңа Конституция жобасына сәйкес, вице-президент Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен, Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысы арқылы тағайындалады.
Вице-президент қызметін атқару кезінде депутат болып сайлана алмайды, өзге ақылы қызмет атқаруына, кәсіпкерлікпен айналысуына және саяси партия құрамында болуына тыйым салынады.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президенттің мүддесін білдіреді. Сондай-ақ Президент белгілеген басқа да міндеттерді орындайды.
Егер Президент өз еркімен отставкаға кетсе, денсаулығына байланысты міндетін орындай алмаса, қызметінен шеттетілсе немесе қайтыс болған жағдайда, Президент өкілеттілігі автоматты түрде вице-президентке өтеді. Қазақстанның жаңа Конституция жобасы 15 наурыз күні жалпыұлттық референдумға шығарылады. Құжаттың толық нұсқасы осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

