Қазақстанның жаңа Конституциясы елдің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоғамдық кеңес мүшесі әрі Конституциялық комиссия өкілі Замира Кузиева Астана қаласындағы «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуінде Конституцияның маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Әңгіме елдегі адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту, заң үстемдігін орнату және азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен араласуы жайлы өрбіді.
Кәсіпкерлер қауымының өкілі, қарапайым азаматтармен күнделікті байланыста жүрген басшы ретінде Замира Кузиева жаңа Конституцияға қатысты пікірін былайша түйіндеді: «Жаңа Конституция – алдағы жылдардағы елдің даму жолын белгілейтін айқын бағдар».
Сонымен бірге, жаһандық тұрақсыздық жағдайында құқықтық алаңның болжамдылығы аса маңызды екенін айтып өтті. Конституция азаматтар мен кәсіпкерлер үшін тұрақты және түсінікті ойын ережесін қалыптастырады, бұл – қоғам мен бизнестің өркендеуінің кепілі.
Жиында әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек құқығы, қызмет түрін еркін таңдау, демалу және әлеуметтік қорғау секілді маңызды мәселелер де сөз болды. Спикер бұл нормалардың экономикалық даму мен әлеуметтік жауапкершілікті тең ұстап тұратынын жеткізді. «Мұндай тепе-теңдік сақталмаған жерде тұрақты өсім болмайды», – деді ол.
Замира Кузиева Конституцияның жаңа жобасын мемлекет, кәсіпкерлік және халық арасындағы бірегей серіктестікті күшейтетін құжат деп сипаттады. Сондай-ақ кездесуде Президенттің жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару туралы шешімі жайлы да айтылды. Бұл референдум азаматтарға елдің басты құжаты бойынша өз ойын ашық білдіруге жол ашады.
Жиын соңында қатысушылар белсенді азаматтық ұстанымның маңызына тоқталып, референдумға қатысуға шақырды. Сарапшы жаңа Конституцияны қолдап дауыс беру арқылы Қазақстанның тұрақты дамуына, жаңғыруына үлес қосуға болатынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осыған дейін сайтымызға Жаңа Конституцияның жобасы тарих пен бүгіннің сабақтастығын сақтай отырып, ұлт болашағын айқындайтын ерекше құжатқа айналғанын айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

