Алматыда ұйымдастырған «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңында еліміздің жаңа Конституциясы жан-жақты талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынды ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина жүргізді. Сарапшылар конституциялық реформаның қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудағы рөліне ерекше мән берді.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Конституция жобасы кең қоғамдық талқылаудың нәтижесінде әзірленгенін атап өтті.
– Конституцияның басты ерекшелігі адам құқықтары мен еркіндіктерінің басымдығын нақты айқындауында. Әділеттілік, заңдылық, қоғамдық тәртіп пен экологияны қорғау мәселелері алғаш рет конституциялық мәртебеге ие болды, – деді ол.
Ж. Шаймарданов сондай-ақ азаматтық қоғамның ұсыныстарымен ұлттық валюта теңге мен мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағыттары енгізілгенін ерекше атап өтті.
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова Конституциядағы білім берудің зайырлы сипатын бекіту ғылым мен білім саласын дамытуға берілген үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
– Қазіргі заманда ұлттың интеллектуалды потенциалы ғылым мен білімге тікелей байланысты. Конституцияға білім берудің зайырлы және ғылыми негізі бекітілгені – үлкен жетістік. Бұл білім саласының ашықтығын, еркін ойлауды дамытуға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев өз сөзінде жаңа Конституцияны әзірлеу президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының логикалық жалғасы екенін атап өтті.
– Бұл Конституция референдум арқылы қабылданатындықтан, оның сапасы халықтың белсенділігіне тікелей тәуелді. Сондықтан халықтың пікірін ескеретін ашық диалогтың маңызы зор, – деді Чеботарев.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов Конституция жобасындағы Халық кеңесі институтына тоқталды.
«Халық кеңесі халық пен билік арасындағы «алтын көпірге» айналады. Бұл – халықтың үнін билікке жеткізудің тиімді құралы. Кеңестің заң шығару бастамасы құқығына ие болуы, оның мәртебесін нығайтады», – деді ол.
Алматы Азаматтық Альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов Халық кеңесінің шын мәніндегі халық өкілдігі органына айналатынына сенім білдірді.
«Конституциялық мәртебеге ие бұл институт билік пен қоғамның өзара әрекетін жаңа сапалық деңгейге көтереді», – деді Әбдіхалықов.
Контекст
ФСДИ Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаев Конституция әзірлеу процесінің ашық әрі халыққа түсінікті болғанын атап өтті.
– 1995 жылғы Конституцияны ғалымдар мен заңгерлердің шағын тобы әзірлеген болса, бүгінгі күні Конституция қоғаммен бірлесіп жасалуда. Бұл – біздің демократиялық дамудағы жетістігіміз, – деді Әміребаев.
Жиын қорытындысында сарапшылар жаңа Конституция жобасы тек заңдық тұрғыда ғана емес, қоғамның құндылықтық негіздерін де жаңғыртатыны туралы пікірге тоқталды. Конституцияда адамға бағдарлану, құқық пен еркіндік, зайырлылық, ғылым мен инновация мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл – мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын негізгі құндылықтар болмақ.
Ресейдегі экс-елбасы Назарбаевтың иелігіндегі «Азия-Тынық мұхит банкі» (АТБ) былтыр күреп табыс тауып, аста-төк пайдаға кенеліпті. Сайтымыздың осыған қатысты зерттеуін назарларыңызға ұсынамыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

