Қырғызстанда бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің жиені Нұрғазы Матисақов қызметінен босатылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы күндері қырғыз саяси сахнасында күтпеген жағдайлар орын алуда. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы, әрі жақын серігі саналатын Қамшыбек Тәшиевті қызметінен шұғыл түрде босатуы ел ішінде ғана емес, көрші елдер арасында да үлкен талқылауға айналды. Тәшиевтің жиені Нұрғазы Матисақовтың да бірден қызметінен шеттетілуі саяси тартыстың жалғасып жатқанын дәлелдейді.
Қамшыбек Тәшиев пен Садыр Жапаровтың саяси тандемі Қырғызстанда биліктің биік шыңына бірге көтерілген, бірі-біріне сенімді тұлғалар еді. Алайда соңғы уақытта олардың арасындағы байланыс үзілгені анық байқалады. Германиядан оралған Тәшиевтің Бішкекке келгеннен кейін ешкіммен тілдеспестен, үнсіз белгісіз жаққа кетіп қалуы шиеленістің өрши түскенін көрсетеді.
Жапаровтың бұл әрекетін «мемлекеттің бірлігін сақтау» деп түсіндіруі сырт көзге сенімсіздеу көрінеді. Іс жүзінде президент сайлауы алдында жүргізілген саяси тазалау шарасының бірі екені күмәнсіз. Оған қоса, президенттің баспасөз хатшысы да «жаңа президент сайлауын өткізуге шақырғандар Тәшиевтің айналасындағы адамдар» деп ашық мәлімдеуі – бұл текетірестің астарында терең саяси интрига жатқанын аңғартады.
Саясаттанушы Нұрлан Жұмаханның пікірінше, бұл оқиғалардың артында Мәскеудің де ықпалы бар. Ресей өзінің аймақтағы саяси мүддесін сақтап қалу үшін Қырғызстан билігінде сенімді тұлғаны орнықтыруға тырысып бағуда. Осы мақсатта Тәшиевтің әрекеттері билік элитасының ішінде сенімсіздік туғызды. Өйткені оның халық арасында танымал болып кеткен «радикалды әдістері» Кремльдің ықпалынан тыс әрекет етуге мүмкіндік беруі мүмкін еді.
Тәшиевтің әділдікке ұмтылған «халықшыл» саясаты қарапайым жұртшылықтың көңілінен шыққаны рас. Бірақ биліктегі ықпалды топтарға оның батыл әрекеттері жақпайтыны анық. Өйткені саяси элита үшін тыныштық пен тұрақтылық бәрінен қымбат. Ал Қамшыбек Тәшиев билік ішіндегі тепе-теңдікті бұзып, халықтық қолдауын пайдаланып, жеке амбицияларын іске асыруы мүмкін еді. Сондықтан оны шеттетіп, алдын ала қауіптің жолын кесуді шешкен.
Осы тұста Қазақстан үшін де алар сабақтар аз емес. Қазақстандық қоғамда да ара-тұра осындай «батыл саясаткерлерге» деген сұраныс пайда болып тұрады. Бірақ мұндай тұлғалардың түпкілікті мақсаты – демократияны нығайту емес, жеке билігін орнату екендігін ескерген жөн. Заңның үстемдігі мен демократиялық институттарды нығайту кез келген посткеңестік ел үшін жалғыз сенімді жол.
Алатау баурайындағы бұл тартыстың көрінісі біздің өңірдегі саяси мәдениеттің әлі де авторитарлық сипатта екенін айғақтайды. Шын мәнінде сайлаудағы халықтың дауысы емес, саяси элита мен сыртқы күштердің ықпалы шешуші рөл атқарады.
Контекст
Бішкектегі сенімді дереккөздерден алынған ақпаратқа сенсек, Жапаров пен Тәшиев арасындағы кикілжіңнің басты себебі екеуінің телефон арқылы тілдесу барысында бір-біріне ауыр сөздер айтуы болғанын бұған дейін жазғанбыз. Яғни саяси мүдделермен қатар жеке бас араздығы да бұл оқиғаларға қосымша фактор ретінде әсер еткен тәрізді.
Қалай болғанда да, Қырғызстандағы қазіргі саяси тартыс әлі аяқталған жоқ. Қамшыбек Тәшиевтің болашағы да, Жапаровтың билікті ұстап қалу қабілеті де үлкен сынаққа түскелі тұр. Бұл оқиға Қазақстанға да үлкен сабақ болмақ. Саяси тұрақтылық пен демократиялық институттарды нығайтуға күш салмасақ, көрші елдің сценарийін қайталауымыз әбден мүмкін. Демократияға шынайы бет бұру – дамудың жалғыз сенімді жолы екенін естен шығармаған жөн.
Бұған дейін тілшілеріміз Қырғызстанның саяси алаңында тосыннан басталып кеткен тартыстың түйіні жуық арада шешілмейтінін жазған болатын. Сол шындыққа айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

