Burger King аутизмі бар аспаз жігітті жұмыстан шығарып жіберді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиғаға қатысты Әлібек Қаратайдың анасы Жанат Қаратай әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен қолдау сұрап, жағдайдың жай-жапсарын баяндады.
Әлібек 27 жаста, аутизм диагнозы бар ерекше жан. Анасының айтуынша, ұлы екі жасқа толғанда-ақ ерекшелігін байқаған. Сол кездері елімізде аутизм туралы түсінік те, мамандар да тапшы еді. Жанат ханым сол кезде-ақ табысты ІТ-карьерасын құрбан етіп, ұлының реабилитациясына толығымен бет бұрған.
Жылдар бойы тынымсыз еңбек, педагогикалық ізденіс өз нәтижесін берді. Әлібек Жүргенов атындағы колледжді аяқтап, мүсінші мамандығын алды, пластилиннен анимациялық мультфильмдер жасауға әуестенді.
Бірақ ең үлкен жетістігі Burger King фаст-фуд желісінде аспаз болып төрт жыл тұрақты еңбек етуі еді. Осы жылдар ішінде ол ұжымның толыққанды мүшесіне айналып, тапқан табысына өздігінен жоспар құрып, еңбек демалыстарын есептеп, тіпті қажет кезде филиалдар арасында ауысып жүрді. Ұжымның жұмсақ әрі қолдаушы қарым-қатынасы Әлібекке үлкен жігер берген. Осы қолдау үшін оның отбасы бұрынғы менеджерлер Шырын мен Ерланға алғысын үнемі айтып келеді.
Алайда аймақтық басшы қызметіне Сергей есімді жаңа адам келген соң жағдай күрт өзгерген. Анасының жазуынша, Сергейдің келуімен Әлібек психологиялық қысымға ұшырап, күзден бері оның көңіл-күйі күрт нашарлаған. Ақыр соңында Әлібекті жұмыстан кетуге мәжбүрлеген. Жанат Қаратай жаңа басшымен тікелей сөйлескенде, оның инклюзивті қоғам туралы мүлде түсінігі жоқ екенін аңғарғанын жеткізді.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Журналист Гүлбану Әниятқызы өз парақшасында Burger King компаниясына бойкот жариялауға шақырды. Оның айтуынша, аутист жігітті мәжбүрлі түрде жұмыстан шығару – инклюзивті қоғам принциптеріне қайшы әрекет.
Burger King желісі болса, Әлібектің анасының жазбасына «ешкімді шеттету болған жоқ, тексереміз» деген қысқа ғана жауаппен шектелген. Алайда желі қолданушылары тарапынан сын күшейіп, компанияның парақшасындағы пікір жазу функциясы өшірілген. Бұл қадам ашық диалогтан қашу әрекеті ретінде бағаланып отыр.
Қазір қоғам Burger King-тің ішкі тексеріс жүргізіп, нақты түсініктеме беруін талап етуде. Егер қызметкердің құқықтары бұзылғаны анықталса, компания жауапты тұлғаларды жазалап, Әлібекті қайтадан жұмысқа қабылдауы тиіс деген пікір басым. Инклюзия – брендтің имиджі емес, қоғамның әрбір мүшесін қорғауға бағытталған шынайы әлеуметтік ұстаным екенін ескерсек, бұл оқиға көпшілік назарында ұзақ сақталатын секілді.
Айтқандай, Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабыровтың үстінен қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастапты, естідіңіздер ме?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

