«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері бүгін Түркістан облысына арнайы келіп, жергілікті халықпен ашық әрі мазмұнды диалог өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Түркістан қаласындағы Конгресс-холл ғимаратында өткен жиынға мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, педагогтар мен дәрігерлер, ардагерлер, жастар, кәсіпкерлер және волонтерлер болды. Түркістан жұрты коалиция мүшелерінің жаңа Конституция жобасы туралы баяндамаларын тыңдап, көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесудің қасиетті Түркістанның төрінде, мемлекеттіліктің тамыры тереңге тартқан киелі топырағында өтіп отыр. Осы жерде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дүниеге келгенін ескерсек, жаңа Конституция жобасын талқылаудың символдық мәні зор. Ата заң бүгінгі қоғамдағы әрбір адамның сұранысына берілген жауап, – деді коалиция мүшесі Жақсыбек Құлекеев.
Оның айтуынша, жаңа Конституция «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» мен «Жеті жарғы» дәстүрлеріне сүйеніп, ұлттық мемлекеттіліктің мыңжылдық тарихи сабақтастығын жалғастырады. Бұл ел дамуы үшін тарихи мүмкіндік және ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі.
Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер – демографиялық ахуалға, құндылықтар дағдарысына, цифрлық платформалардың жастар тәрбиесіне әсеріне тоқталды.

– Жаңа Конституцияның негізгі басымдығы – адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияға және отбасы институтына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Ата заңда некенің ер мен әйел арасындағы ерікті әрі тең құқықты одағы екені нақты жазылған. Бұл бүгінгі жаһандық құндылықтар дағдарысында отбасын қорғап, ұрпақ тәрбиесін күшейтуге арналған нақты қадам, – деп атап өтті министр.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев болса 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналуы кездейсоқ еместігін айтты. Оның ойынша, адал еңбек, жоғары адамгершілік, отансүйгіштік сияқты қоғам қолдауына ие құндылықтар жаңа Конституцияның өзегіне айналған.
Түркістан тұрғындары Ата заң жобасының қарапайым әрі түсінікті тілде жазылғанына ризашылық білдірді. Әсіресе, оның қоғамда берік бағдарды айқындайтынын, мемлекеттік басқару жүйесін азаматтардың нақты сұранысына сай жаңғыртатынын жоғары бағалады.
Кездесу соңында түркістандықтар 15 наурызда өтетін референдумға бір адамдай қатысып, жаңа Конституцияны қолдайтындарын жеткізді. Жиналғандар Ата заңның ел дамуының, тұрақтылық пен өзара келісімнің, сондай-ақ болашаққа деген сенімнің берік кепілі болатынына сенім білдірді.
Айтқандай, Астанада бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан JOLTAP жобасы тұрғындардың жаңа дағдыларды игеруіне, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруіне және табысын арттыруына мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

