Талдықорғанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының Жетісу облысы активімен кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева арнайы қатысып, алда болатын референдум мен жаңа Конституция жобасының маңызын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар мемлекеттік басқарудың әділ әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
– Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы шешімі – азаматтардың тікелей таңдауы арқылы маңызды өзгерістерді бекітуге бағытталған демократиялық қадам. Референдум – жай ғана формалды процедура емес, ол – ел болашағы үшін маңызды шешімдерді халықтың тікелей қабылдауының тиімді тетігі, – деді Аида Балаева.

Кездесуде Мәжіліс депутаты Болат Керімбек жаңа Конституцияның қоғам үшін әділет пен қауіпсіздіктің нақты кепілі болатынын айтып өтті.
– Конституция әрбір адамның, отбасының қорғаны. Референдумда таңдау жасау арқылы біз өз болашағымызға жауапкершілікпен қарайтынымызды көрсетеміз, – деді депутат.
Өз кезегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп жаңа Ата заңның мазмұнында «Әділетті Қазақстан» идеясының арман-мұраты мен жауапкершілігі көрініс тапқанын атап өтті.
– Конституциялық өзгерістердің терең мағынасы мен тарихи маңызы осыдан байқалады. Бұл – халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беретін маңызды құжат, – деді ол.
Конституция отбасы институтының тұрақты дамуының кепілі
Жаңа Конституция жобасын талқылауға Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева және облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те белсенді қатысты.
Жұлдызай Ысқақова Конституцияда некені ер мен әйелдің еркін әрі тең құқылы одағы ретінде бекіту туралы норманың қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.
– Бұл норма отбасын құқықтық және қоғамдық тұрғыдан нығайтып, некеге мәжбүрлеудің кез келген түріне нөлдік төзімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ отбасы институтының тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады, – деді Ж.Ысқақова.

Жетісу облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту ұсынысының тарихи мәніне тоқталды.
– Парламенттің «Құрылтай» болып өзгеруі жай атау ауыстыру ғана емес, бұл біздің ұлттық бірегейлігімізді бекітіп, тарихи тамырымызға оралуымыздың көрінісі, – деп түсіндірді ол.
Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жаңарған Конституцияда алғаш рет білім, ғылым, мәдениет пен инновация, сондай-ақ адами капиталдың дамуына басымдық берілгенін атап өтті.
– Конституцияда «Әділдік», «Заң мен Тәртіп», «табиғатқа ұқыпты қарау» сияқты маңызды құндылықтар тұңғыш рет айқын бекітілді. Бұл – мемлекеттің басты құндылықтық бағдарлары, – деді ол.
Кездесу соңында облыс тұрғындары жаңа Конституция жобасына қатысты сұрақтарын қойып, референдумға қатысудың маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қатысушылар референдумды қолдап, халықты белсенді түрде дауыс беруге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

