Вашингтонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америкада тұратын, білім алып жүрген және қызмет етіп жатқан қазақстандықтармен арнайы кездесу өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент кездесуде жастардың қазіргі таңда жаһандық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүргенін ерекше атап өтті.
– Өскелең ұрпаққа үлкен үміт артамын. Әрбіріңіздің жетістігіңіз елдің табысы. Сондықтан мемлекет жастардың жан-жақты дамуына, ғылыми-зерттеу жобаларына, стартап бастамаларына және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетеді. Жастардың қабілет-қарымын ұштауға, халықаралық тәжірибе жинауына барлық мүмкіндікті жасаймыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алдағы наурыз айында өтетін жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызына ерекше тоқталды.
– Жаңа Конституция еліміздің демократиялық даму жолындағы жаңа белес. Бұл – тек бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек ұрпаққа қалдырар маңызды құжат. Оның мақсаты әділетті, ашық әрі прогрессивті Қазақстан құру. Сондықтан әрбір азаматтың референдумға қатысып, белсенді түрде дауыс бергені маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде АҚШ-та оқып жатқан жас зерттеушілер мен студенттер өздерінің ғылыми жобалары, халықаралық ынтымақтастықтағы тәжірибелері және алдағы жоспарларымен бөлісті. Олар ғылым, инновация, білім саласындағы мемлекеттік қолдауға алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың жалғасын табатынына сенім артты.

– Біз АҚШ-та жүріп, әлемнің озық ғылыми орталықтарымен байланыс орнатудамыз. Бірақ біздің басты мақсатымыз Қазақстанға оралып, жинаған тәжірибемізді өз еліміздің дамуына жұмсау. Бұл жолда мемлекет тарапынан беріліп жатқан жан-жақты қолдау мен сенім бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді кездесуге қатысушы жас ғалымдардың бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың мұндай ниетін құптайтынын айтып, оларды Отанға оралып, ел игілігі үшін қызмет етуге шақырды.
– Қазақстанның болашағы білімді, талапты жастардың қолында. Сіздердің озық идеяларыңыз бен ғылыми жаңалықтарыңыз ел экономикасына серпін беріп, халықаралық аренада бәсекеге қабілеттігімізді арттырады деп сенемін, – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы отандастарымыздың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың әрбір бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде жастар Президентке елдің дамуы үшін адал еңбек етуге уәде берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

