Қазақстандағы Burger King желісінің айналасындағы дау басылар емес. Мәселенің түп-төркіні аутизмге шалдыққан қызметкер Әлібек пен компания басшылығының арасындағы кикілжіңнен басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлібектің анасы Жанат Қаратайдың айтуынша, ұлы осы Burger King желісінде төрт жылдан бері табысты жұмыс істеп келген. Алайда басшылық ауысқаннан кейін Әлібекке қысым басталып, қызметінен өз еркімен кетуге мәжбүрлемек болған. Басшылықпен бетпе-бет кездесуден де нәтиже шықпапты.
Компания не деп уәж деп айтуда?
Бастапқыда компания әлеуметтік желідегі жазбаға жауап беріп, Әлібекті «бұрынғы қызметкер» деп атаған еді. Кейін көпшіліктің наразылығы өршіп кеткен соң, Burger King Kazakhstan Әлібектің әлі де қызметкер екенін және ешқандай жұмыстан босату туралы шешім қабылданбағанын ресми мәлімдеді.
Компанияның мәлімдеуінше, Әлібек еңбек демалысына шығатынын хабарлап, артынша жұмысына келмей кеткен. Сонымен қатар, 6 ақпан күні Жанат Қаратайдың өз атынан жазылған жұмыстан шығару туралы арызы келгені де айтылды. Бұған қоса Burger King басшылығы бұл мәселені басқа ресторанға ауыстыру арқылы шешуге тырыстық деп отыр.
Бірақ жанжал бұнымен тоқтамады…
Әлеуметтік желілерде Burger King-тің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері жаңа басшылық тарапынан қысым, қорлау әрекеттері орын алып жатқанын айтып, шағымдарын жаза бастады.
Олардың бірі тіпті ресторан директорының күнделікті есеп журналдарына қызметкерлерді қорлайтын суреттер жапсырып қойғанын хабарлаған.
Компания осы шағымдардан кейін ішкі тексеріс бастап, 17 ақпанда екі ресейлік басшы – Сергей мен Анастасияны қызметінен босатты. Burger King Kazakhstan мәлімдемесінде: «Компания Қазақстан азаматтарының ар-намысына тиетін дискриминация мен қорлаудың кез келген түрін қабылдамайды», – деп атап өтті.
Дегенмен желі қолданушылары әлі де наразылық білдіруде. Олар компаниядағы шетелдік басшылардың орнына қазақстандық азаматтарды қоюды талап етіп отыр.
Мәселенің жаңа қыры да ашылып жатыр
Жанат Қаратайдың сөзіне сенсек, қазір Burger King-тің қызметкерлеріне басшылық тарапынан қысым көрсетіліп, Әлібекті қоғамға қауіпті адам ретінде сипаттайтын жалған түсініктемелер жазуға мәжбүрлеуде екен.
Жанаттың әлеуметтік желіге жариялаған хабарламаларында қызметкерлерге «Әлібек қоғам үшін қауіпті» деген сипатта жалған ақпарат беру туралы талап қойылғаны айтылады.
«Жаңа басшылықтың қорлығы шектен асты. Ойлап көріңіздерші, өзіміздің жас балаларымызды, студенттер мен оқушыларды қорғансыз, аутизмге шалдыққан жігітке жала жабуға мәжбүрлеп отыр», – дейді Жанат Қаратай.

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Burger King Kazakhstan-дағы жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Министрлік әзірге шағым түспегендіктен, тексеру жүргізбегенін де жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

