Алматы облысындағы «Фирма-Бент» зауытында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің еңбек ұжымымен кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға арналды. Шараға Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов, Сергей Пономарев, қоғамдық институт өкілдері, білім беру саласының мамандары және жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.
Аида Балаеваның айтуынша, Коалиция мүшелері еңбек ұжымдарына арнайы барып, жаңа Конституция жобасын азаматтармен тікелей талқылауда. Құжат әділеттілік пен қоғамдағы ашық ережелерге деген сұранысты ескере отырып, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.
– Жаңа Конституцияны халықтық деп атауға толық негіз бар. Себебі құжатты заңгерлер, депутаттар мен сарапшылардан бөлек, азаматтардың тікелей жолдаған ұсыныстары негізінде әзірледік. Жобада еңбек құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары айқындалды. Конституцияның негізгі құндылығы адамның өмірі. Қауіпсіз қоғам, қауіпсіз еңбек туралы айтқанда осы нормалардың маңызы ерекше, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов жобаның ауқымды қоғамдық талқылаудан өткенін атап өтті.
– Бұл құжат үздік ғалымдар мен кәсіби мамандардың еңбегінің нәтижесі. Жоба көпшілік назарына ұсынылып, кеңінен талқыланды. Ол азаматтардың сенімін арттырып, әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етеді, – деді депутат.
Еңбек ұжымы атынан сөз сөйлеген зауыт технологы Галина Сухаребрева Конституциядағы адами әлеуетті дамыту мәселесіне тоқталды.

– Адами әлеует біз үшін жай ұран емес. Өндірістің дамуында білім мен инновация шешуші рөл атқарады. Жобаға жұмысшы мамандарды даярлау мен жастарға техникалық білім беру мәселелерінің енгізілгенін қолдаймыз. Мемлекет жастардың кәсіп меңгеруіне және білікті маман болып қалыптасуына қолдау көрсетуі маңызды, – деді ол.
Жиын соңында Жалпыұлттық коалиция өкілдері зауыт жұмысымен және өндірістегі жаңа технологиялармен танысты. Аида Балаева еңбек ұжымымен жеке кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді және азаматтардың Конституцияны қабылдаудағы басты тетігі – алдағы референдумға белсенді қатысу екенін айтты.
Күні кеше ғана Талдықорғанда жалпыұлттық коалициясының Жетісу облысы активімен кездесуі өткенін тілшілереміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

