Газдандыру Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы негізгі бағыттың бірі. Бүгінгі күні еліміз бойынша 13 миллионға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылдың қорытындысы бойынша, газдандыру деңгейі 64,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда (62,4%) айтарлықтай өсімге ие.
2025 жылы 94 ауылға табиғи газ тартылып, 354 мың тұрғынның тұрмысы жақсарды. Биыл тағы 40 газдандыру жобасы жоспарланған. Оның нәтижесінде он ауылдың 32 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл жобалар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау және Жетісу өңірлерінде жүзеге асырылады.

Астананы газбен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда елордадағы 300 мың адамның 290 мыңы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Биыл қала маңындағы «Шұбар», «Үркер», «Өндіріс», «Пригородный» және «Garden Village» тұрғын алаптарына газ жеткізіліп, бас қаланы газдандыру толығымен аяқталмақ. Бұған қоса, 2026-2027 жылдары Қызылсуат, Қаражар және Тайтөбе ауылдарына газ тартылып, қосымша 26 мың тұрғынның мәселесі шешіледі.
Елдегі газ көлемін арттыру мақсатында стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының екінші желісінің алғашқы кезеңі салынуда. Жыл соңына дейін жылына 10 млрд текше метр газ тасымалдайтын құбырдың негізгі бөлігі аяқталуы тиіс. Жобаның келесі кезеңінде компрессорлық стансалар салынып, құбырдың өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырылмақ.
Елорда кезең-кезеңімен толықтай газға көшіріліп, қаланы және оның айналасындағы елді мекендерді газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

