ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірге жұмыс сапары барысында жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық еткен жиынға орталық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және қаржы институттарының басшылары қатысты.
Кездесу басында Серік Жұманғарин еліміздегі конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның жобасында меншік нысандарының бәрі тең қорғалады. Бұл өзгеріс инвесторлар мен кәсіпкерлер, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін маңызды.
– Конституцияның жаңа жобасы егемендікті нығайтуға, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік-экономикалық дамуға және халықты біріктіруге берік құқықтық негіз қалыптастырады. Қазақстандықтар енді құжат мазмұнына ғана емес, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайды. Баршаңызды Конституцияның жаңа жобасын мұқият қарап, республикалық референдум күні азаматтық ұстаным танытуға шақырамын, – деді вице-премьер.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин кездесуде Салық кодексіндегі жаңашылдықтар мен экономикалық өсімге бағытталған проактивті саясат туралы жан-жақты баяндап, бизнес өкілдерін ашық пікір алмасуға шақырды.
Кездесуге қатысушылар коммуналдық кәсіпорындардағы тариф саясаты, Солтүстік Қазақстан облысының үлгісімен агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеуге қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Вице-премьер көптеген сұрақтарға сол жерде нақты жауап берді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер өзі жетекшілік ететін жобалық кеңсенің қарауына алынды.
Таяуда Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқылаған болатын. Кздесуде Нариман Төреғалиев өз сөзінде Конституцияның жаңа редакциясында халықтың ұсыныс-пікірлері кеңінен қамтылғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

