Жетісу облысының Панфилов ауданында бір күнде бес бірдей елді мекен орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне қосылып, 1,5 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көре бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ және Керімағаш ауылдарына жалпы ұзындығы 58 шақырым газ құбыры тартылды. Сондай-ақ аталған ауылдарды үздіксіз әрі сенімді қамтамасыз ету үшін бір газ реттеу бекеті мен бес шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Негізгі қуат көзі ретінде Панфилов ауданындағы «Жаркент» автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдаланылып отыр.

Өңірдегі газдандыру деңгейі артып келеді
Ақарал ауылында ұйымдастырылған салтанатты жиында көгілдір отынның ресми қосылғанын білдіретін дәстүрлі алау жағылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі. Атап айтқанда, 110 елді мекен газдандырылып, 467 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар 16 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда Талдықорғанға дейін 126 елді мекенді қамту бағытында жобалар іске асырылды. Жыл соңына дейін облыста газдандыру деңгейі 74 пайызға жетеді», – деді Әсет Қанағатов.
Ауыл тұрғындары үшін табиғи газдың келуі көптен күткен жаңалық болды. Күнделікті от жағып, көмір тасу машақатынан арылған тұрғындар жаңа өмір салтының артықшылығын атап өтуде.
«Бұл ауылда тұрғаныма он жыл болды. Екі жыл бұрын жаңа үйге көшіп келдік, үш баламыз бар. Бүгін ауылымызға газ келіп, қуанып жатырмыз. Енді бұрынғыдай көмір тасып, от жағып, күл шығармаймыз. Балалар тоңып қалмады ма деп алаңдамай, жұмысымызға баратын болдық», – деді Ақарал ауылының тұрғыны Раушан Кариева.
Панфилов ауданындағы жобалар мен алдағы жоспар
Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аймақтағы 40 елді мекеннің 26-сы табиғи газға қосылуға жатады. Бұған дейін Жаркент қаласы газбен қамтылса, өткен жылы Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек және Ақкент ауылдары орталық желіге қосылған еді. Биылғы бес ауылдың іске қосылуы арқылы газдандыру географиясы одан әрі кеңейе түсті.
Қалған 15 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстары осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен аяқталады. Нәтижесінде Панфилов ауданы бойынша 60,7 мың тұрғын сапалы отын желісін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар тұрғындардың сұранысын ескере отырып, тағы 6 елді мекенді газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта Тұрпан, Садыр және Диқанқайрат ауылдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал Сарыбел, Басқұншы мен Көктал-Арасан ауылдарының құжаттары сараптама қарауында жатыр. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстары 2027 жылға жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







