Алматыда Жалпыұлттық коалиция өкілдері мәдениет қайраткерлерімен бірге Жаңа Конституция жобасын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиынға депутаттар, әлеуметтанушылар, отандық кино және музей саласының мамандары қатысты. Бұдан басқа шығармашылық одақтар мен медиасала өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары да болды.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасы мен 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңызы айтылды. Жиынды ашқан Аида Балаева жаңа құжатта адам капиталының дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
– Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына айрықша мән берілген. Ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау қағидаттары енді конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұл мемлекет болашағы тек табиғи ресурстарға ғана емес, білімді әрі интеллектуалдық тұрғыдан дамыған азаматтарға сүйенетінінің айқын дәлелі. Тарихи және мәдени мұраны қорғау, сақтау әрі оған құрметпен қарау әрбір азаматтың конституциялық міндеті болмақ. Осы арқылы біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, тарихи сабақтастықты сақтап, ұлттық кодымызды келер ұрпаққа жеткіземіз, – деді министр.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова да Конституция жобасында заң үстемдігі, қоғамдық қатысу және цифрлық ортадағы азаматтардың құқығын қорғау сияқты заманауи принциптер нақты бекітілгенін айтты.

Белгілі актер әрі режиссер Талғат Теменов өз сөзінде ел үшін жауапты кезеңде әр азаматтың белсенді болуы аса маңызды екенін атап өтті.
– Тарихымызда Конституция алғаш рет мемлекеттік тілде жазылғаны ерекше қуантады. Сондай-ақ бір палаталы парламент Құрылтайдың құрылуы және президенттің билік мерзімінің бір мерзіммен шектелуі маңызды өзгерістер деп санаймын. Жаңа Конституцияның әрбір бабы халқымыздың арманы, үміті және келешегі. Сол үшін де баршамыздың бірігіп, референдумға келуіміз маңызды, – деді ол.
Кинопродюсер Жалын Тілеуберген жаңа Конституцияның шығармашылық еркіндікті, креативті экономиканы және интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғауды нақтылай түскеніне назар аударды.
– Конституциялық деңгейде сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылыққа кепілдік берілуі – жас режиссерлерге, актерлер мен сценаристерге берілген нақты қолдау. Енді басты ресурс – шикізат емес, идея, ой, талант пен еңбек болады. Бұл – өнердің қоғаммен ашық диалог орнатуына берілген мүмкіндік, – деді кинопродюсер.
Кездесу соңында коалиция мүшелері мен мәдениет саласының өкілдері жаңа Конституция бойынша ой-пікірлерімен алмасып, шешуші сөзді 15 наурыз күні референдумға қатысатын халық айтатынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

