Еліміздің Энергі министрлігі АҚШ билігіне ресейлік «Лукойлдың» ел аумағындағы активтерін сатып алуға басым құқығы барын ресми түрде хабарлады деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік Әміриканың Шетелдік активтерді бақылау басқармасына (OFAC) хатты биыл қаңтардың аяғында жолдаған. Ақпаратты сол кезде сала басшысы Ерлан Ақкенженов растаған еді.
Министрліктің «Интерфаксқа» берген ресми жауабында үшбу хат хабарламалық сипатта болғандықтан, оған АҚШ тарапынан жауап күтілмейтіні айтылған. Ел заңнамасына, атап айтқанда, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне сәйкес, Бектенов үкіметі «Лукойлдың» Қазақстандағы үлесін сатып алуда басым құқыққа ие.
Министрлік мәміленің нақты шарты туралы әзірге ашық мәлімет бермеді. Алайда активтерді сатып алу ақшалай төлеммен қатар, басқа да төлем түрімен жүзеге асуы мүмкін екендігі меңзелді. Ресейлік компаниямен келіссөзді «ҚазМұнайГаз» жүргізуде. «Лукойлдың» өзі Қазақстандағы негізгі активтерінің болашағы туралы ресми ақпарат бермей отыр.
«Лукойлдың» Қазақстандағы активтері туралы не белгілі?
Орыстар Теңіз кен орнында 5 пайыз, Қарашығанақ жобасында 13,5 пайыз, Қаламқас теңіз – Хазар жобасында 50 пайыз үлеске ие. Сондай-ақ Алматы облысындағы май зауыты да ресейлік компанияға тиесілі.
Бұған дейін жобалар басқа инвесторларға сатылмайтыны, қандай келісім жасалса да, Қазақстан тарапынан сатып алу құқығы қорғалатыны туралы айтылған болатын.
Айта кетейік, АҚШ «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкция салғаннан кейін, аталған компаниялардың шетелдік активтеріне деген қызығушылық арта түскен. Әлемдік нарықтағы ірі ойыншылар америкалық Chevron мен ExxonMobil, швейцариялық Gunvor, сондай-ақ Carlyle сияқты компаниялар активтерге көз тіге бастаған. Соңғы уақытта басты үміткер ретінде Сауд Арабиясындағы ірі жеке энергетикалық компания Midad Energy-дің аты атала бастады. Алайда әлгі мәмілеге Қазақстан аумағындағы активтер кірмейтіні белгілі болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

