Орал қалалық сотында БҚО шенділерінен ақша бопсалады деп айыпталған блогер Айболат Бөкеновтің ісі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокурор Асхат Тілеулиев соттан 43 жастағы блогерді үш бап бойынша кінәлі деп тануды өтінді:
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы («бірнеше рет жасалған алаяқтық»);
194-бабының 1-бөлігі («бопсалау»);
218-бабының 1-бөлігі («қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру»).
«Жазаларды біріктіре отырып, соттан Айболат Бөкеновті 3 жыл 6 ай мерзімге орташа қауіпсіздіктегі колонияға қамауды сұраймын. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен табылған 1 миллион 244 мың теңгені тәркілеп, үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасын сот залында тұтқындауға ауыстыруды өтінемін», – деді прокурор.
Тергеу мәліметінше, Бөкенов өзінің әлеуметтік желідегі танымалдылығын пайдаланып, Батыс Қазақстан облысы шенеуніктерінен пайда көрген.
Блогер Жаңғалы ауданы әкімдігі аппаратының басшысынан Facebook-тегі жазбаларын өшіру үшін бір миллион теңге талап еткен. Жазбада шенеунік мемлекеттік техниканы жеке мақсатта пайдаланды деп айыпталған. Ақшаның бір бөлігі берілген соң, әкімдік қызметкері ҰҚК-ға хабарласып, блогер кезекті траншты алу үстінде ұсталған.
Істің тағы бір эпизодында…
Бөкенов танысының кітабын шығару үшін шенеуніктер мен депутаттардан және қарапайым азаматтардан ақша жинаған. 40 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі қаражатты кітап шығаруға емес, өз қажетіне жұмсаған деп айыпталуда.
Сонымен қатар, жиналған қаржының 1,2 миллион теңгеден астамы букмекерлік кеңселерге салынғаны анықталып, әлгі әрекеттер «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» ретінде бағаланды.
Айболат Бөкенов әлеуметтік желіде жергілікті билікті өткір сынға алатын жазбаларымен танымал. Оның Instagram парақшасына 17 мыңнан аса адам жазылған.
Айта кетерлігі, блогер бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болған. 2019 жылы полиция көлігі қатысқан жол апатын түсірген кезде оған «полицияға бағынбады» және «дербес деректер туралы заңды бұзды» деген айып тағылған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

