Соңғы үш жыл ішінде Жетісу облысында әлеуметтік сала нысандарын жаңарту деңгейі 55,8 пайызға жетіп, жалпы саны 276 нысан жаңғыртылды. Қазіргі таңда өңірде 35 нысанның құрылысы жүргізіліп, тағы 7 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесуінде халықтың тұрмыс сапасына тікелей ықпал ететін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту алдағы уақытта да басты назарда болатынын жеткізді.
Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ілгерілеу
Биыл өңірде білім саласы бойынша 4 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 2 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Соның ішінде Кербұлақ ауданының Көксай ауылында 60 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты.
Денсаулық сақтау бағытында 4 жаңа ғимарат тапсырылды. Атап айтқанда, жаңғыртудан өткен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған Кербұлақ орталық аудандық ауруханасы қайта іске қосылды. Сонымен қатар Қоғалы ауылдық ауруханасына жөндеу жүргізу үшін келесі жылдың бюджетіне өтінім дайындау тапсырылды.
Облыс орталығы Талдықорғанда да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қалада бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхана құрылысы тәмамдалып, көпбейінді балалар ауруханасы жаңартылды. Бұған қоса мүгедектігі бар азаматтар үшін 150 орындық оңалту орталығы бой көтеріп келеді.

Мәдениет пен спорт инфрақұрылымы да назарда
Өңірде жыл басынан бері 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана ашылды. Олардың қатарында Сарыөзек ауылындағы кітапхана бар. Мемлекет басшысының «Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында оның кітап қоры 53 мыңнан асты және заманауи электронды құрылғылармен жабдықталды. Облыс басшысы бұл нысанды жедел түрде көгілдір отынға қосуды жүктеді.
Кітап оқудың адам капиталын дамытудағы маңызын атап өткен өңір жетекшісі жастарға арнайы үндеу жасады.
«Жалпы, кітап оқу адамның логикалық пайымын, зияткерлік қабілетін және аналитикалық ойлауын дамыту үшін өте маңызды. Сондықтан баршаға, әсіресе жастарға кітап оқу пайдалы әрі қажет», – деді Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық базасы нығайтылып, абаттандырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылдың көктемінде мәресіне жетеді.
Спорт инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені, ал Үштөбе қаласында демеушілер көмегімен жаңа дзюдо орталығы ашылды. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған инклюзивті спорт орталығы мен дене шынықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.
«Биыл Жетісу облысында 35 әлеуметтік нысан салынып жатыр, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді. Салынатын және жөнделетін нысандар саны арта түспек. Президент жүргізіп жатқан реформалар еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық әрі рухани дамуына серпін берді. Мұның бәрі халық пен келер ұрпақтың игілігі үшін атқарылуда», – деп түйіндеді өңір әкімі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







