Түркістан облысында жалпыұлттық коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасын халық арасында насихаттау жұмыстарын қарқынды жүруде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Төлеби ауданындағы «Qazaq Bitum» ЖШС ұжымымен арнайы кездесу өтіп, заңнамалық реформаның ел экономикасы мен еңбек саласына тигізер нақты әсері талқыланды.
Аталған жиынға Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлішер Сатвалдиев қатысты. Ал облыстық мәслихат депутаттарынан Ғалымжан Елшібай, Ханай Әшірбеков және “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев болды. Коалиция мүшелері кәсіпорын қызметкерлеріне жаңа конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндірді. Үгітшілер отандық өндірісті дамытудағы рөлі мен еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Кездесуде сөз сөйлеген Сенат депутаты Әли Бектаев жаңа Конституцияның экономиканың нақты секторына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
– Конституциялық реформа жай ғана заңнамалық өзгеріс емес. Бұл – әділ экономикалық ортаны қалыптастырудың нақты қадамы. Өндіріс дамымай, елдің экономикасы алға жылжымайды. Сондықтан бұл реформаның негізгі мақсаты адал бәсекелестік қағидаттарын нығайту, еңбек адамдарының құқығын қорғау және әлеуметтік қолдауды күшейту. Мемлекеттің басты құндылығы еңбек адамы, – деді депутат.
Сонымен қатар, коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында адал бәсекелестік үшін тең жағдай жасау, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, өндіріс орындарының тұрақты дамуына жағдай жасау секілді маңызды мәселелер қамтылғанын атап өтті.
Кездесуге қатысқан өндіріс мамандары өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, жаңа өзгерістердің өндіріс пен жұмысшылар үшін қандай тиімділіктері бар екендігіне нақты жауаптар алды. Коалиция өкілдері әрбір саланың дамуына конституциялық реформаның нақты әсері болатынын атап көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







