Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесуде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның шын мәнінде халықтық құжат екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа Ата Заңды дайындау барысында азаматтардың ұсыныстары толық ескеріліп, ашықтық принципі сақталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституциялық комиссия жұмысы 6 ай бойы ашық әрі тікелей эфир арқылы жүргізілді. Әр отырыста қоғам өкілдерінің пікірлері тыңдалып, нақты жауаптар беріліп отырды.
– Жаңа Конституция 5-6 аптада емес, жарты жыл көлемінде халықпен бірге әзірленді. Азаматтардың ұсыныстары барынша қамтылды. Сондықтан бұл құжатты халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар, – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны қабылдаудың қажеттілігі туралы да түсіндірді.
– Қазіргі қолданыстағы Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі зор. Бірақ ол тәуелсіздік алған жылдары, мемлекеттілік енді қалыптасып жатқан кезеңде жазылған. Сол дәуірдің ұғымдары мен лексикасы қолданылды, – деді ол.

Оның айтуынша, 1995 жылы Конституцияны небәрі 12 адам жазған, оның үшеуі – шетелдік сарапшы болған. Олар қоғаммен кең көлемде кеңеспей, жабық түрде жұмыс істеген.
«Жаңа Конституцияны 130 адамнан тұратын арнайы комиссия әзірледі. Жұмыс толықтай ашық форматта өтті. Оған сырттан ешқандай шетелдік сарапшы шақырылмады», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин жаңа Конституцияны қабылдау – мемлекеттілігі нығайған, халықаралық аренада беделі орныққан, ғылым мен инновацияға негізделген Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
«Жаңа Ата Заң арқылы Қазақстан тарихтың жаңа кезеңіне, дамудың жаңа деңгейіне шығады», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







