Төлеби ауданында самбо мен дзюдодан әлем чемпионы атанған Мәди Нәбиев бүгінгі республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еліміз үшін маңызды саяси шарада белсенділік танытқан танымал спортшы Мәди Бәйділләұлы таңғы уақыттан бастап дауыс беру учаскесіне келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
«Мұндай маңызды сәтте азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауымызды жасау – баршамыздың ортақ парызымыз. Мен де ерте тұрып, дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып келдім. Барлық отандастарымды осындай жауапты саяси шараға белсене қатысуға шақырамын», – деді чемпион.
Айта кетейік, Мәди Нәбиев 2021 жылы Португалияның Лиссабон қаласында өткен ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында 90 келі салмақта жеңімпаз атанған. Бұған дейін ол 2017 жылы самбо күресінен әлем чемпионы атанып, қазақ күресінен де елімізде бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







