Бүгін Маңғыстау облысында жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Таңғы сағат 07:00-ден бастап өңірде 261 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Оның ішінде 12-сі – жабық учаскелер. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Ресми мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облысында дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны – 444 198 адамды құрайды.
Ерте таңнан басталған референдумға облыс тұрғындары белсенді түрде қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруде. Дауыс беру учаскелеріне келушілердің көптігі – халықтың ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Барлық учаскелерде дауыс берушілер үшін қолайлы әрі ыңғайлы жағдайлар жасалған. Референдум процесі заң талаптарына сай, ашық әрі әділ түрде өтіп жатыр.
Референдум учаскелеріндегі комиссиялардың жұмысын бақылаушылар қадағалап, дауыс беру тәртібі мен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуде.
Өңір бойынша ең көп референдум учаскесі Ақтау қаласында ашылған – мұнда 94 учаске жұмыс істеп тұр. Жаңаөзен қаласында – 41, Мұнайлы ауданында – 42, Бейнеу ауданында – 30, Маңғыстау ауданында – 22, Қарақия ауданында – 18, ал Түпқараған ауданында – 14 референдум учаскесі халыққа қызмет көрсетуде.
Осылайша, өңірдің барлық аудандары толық қамтылып, тұрғындарға өз таңдауын жасауға барлық мүмкіндік берілген. Маңғыстаулықтар референдумға белсене қатысып, ел болашағына бейжай қарамайтынын білдіруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







