Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды шара жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдум. Осы маңызды саяси оқиға аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде орналасқан №394 сайлау учаскесінде дауыс беру ерекше мерекелік атмосферада өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттер ұлттық нақыштағы киім киіп келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады. Білім ордасындағы бұл бастама ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді ұлықтаудың көрінісі болып, елдің назарын аударды.
Жалпы, сайлау учаскесіне университет ұжымынан 100-ден астам адам ұлттық киіммен келіп дауыс берді. Бұл шараға университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ермек Әбілтайұлы Бөрібаев та қатысып, ел ертеңі үшін таңдау жасады.
– Референдум мемлекет болашағына бағытталған маңызды тарихи қадам. Конституция – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Әрбір азаматтың бұл науқанға белсене араласуы, өз таңдауын жасауы – ортақ болашағымыз үшін жасалған үлкен жауапкершілік. Біз жастарға осы жауапкершілікті жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, азаматтық ұстанымын қалыптастыруымыз керек. Бүгін университет ұжымы ұлттық киіммен келіп, ерекше үлгі көрсетуде, – деді Ермек Бөрібаев.
Ұлттық киім киіп, ерекше ынтамен келген студент жастар өздерінің ел тағдырына бей-жай қарамайтындықтарын көрсетіп, мерекелік көңіл-күйді қалыптастырды. Олар өзара суретке түсіп, ерекше әсерлерімен бөлісуде.
Жетісу университетінің профессоры Жанар Мұратқызы ұлттық киім кию бастамасының жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятуға септігін тигізетінін айтты:
«Бүгінгі шара жастарға үлгі. Ұлттық киім – халқымыздың рухын көтеріп, бірлігін нығайтатын символ. Референдумға ұлттық киіммен келу арқылы біз елімізге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметімізді білдіреміз. Жастардың ұлттық рухы жоғары болса, болашағымыз да жарқын болады», – деді ол.
№394 сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі ерекше ұйымдасқан әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Университет ұжымы мен студенттер референдумға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі жауапкершілікпен білдіруде.
Осылайша, Жетісу университеті республикалық референдумда елдің болашағына қатысты таңдау жасауда белсенділік танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Айтқандай, ұйқы безінің қабынуына қарсы зерттелген ең тиімді дәмдеуіш – куркума екенін білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







