Белгілі саясаттанушы Тимур Сейітмұратовтың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты әскери операцияны бес күнге тоқтата тұру туралы шешімі екі түрлі саяси астарды білдіретінін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Біріншіден, бұл жаңалық Вашингтон мен Тегеран арасында шын мәнінде келіссөздер жүріп жатқанын растайды. Екіншіден, бұл шешім АҚШ-тағы жас буын республикандық саясаткерлердің арасындағы саяси бәсекенің күшейгенін көрсетеді.
24 наурыз күні Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Исламабадтың АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер үшін алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Ирандық ақпарат көздері кездесу осы аптада өтетінін растап отыр.
The Guardian басылымының дерегінше, АҚШ тарапынан басты келіссөз жүргізушісі ретінде вице-президент Джей Ди Вэнс белгіленген. Иран тарапын парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф басқарады деп күтілуде.
Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, 23 наурыз күні президент Трамп Иран өкілдерімен келіссөз жүргізгенін хабарлап, Иранның энергетикалық инфрақұрылымына әскери соққы беруді бес күнге тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.
Алайда бұл жағдайдың АҚШ-тың ішкі саясатындағы астары тереңірек. Қазіргі кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың халықаралық саяси аренадағы жетістіктері көзге түсіп келеді. Оның негізгі міндеті – АҚШ-тың Латын Америкасындағы геосаяси мүдделерін қорғап, аймақтан Қытай мен басқа да сыртқы күштердің ықпалын азайту.
Саясаттанушының пікірінше, Рубио Венесуэладағы операцияның сәтті аяқталуына үлкен үлес қосқан. 2026 жылдың қаңтарында Венесуэла АҚШ-пен мұнай секторында ынтымақтастық туралы заң қабылдаса, наурызда екі ел дипломатиялық қарым-қатынастарын қайта қалпына келтірді.
Рубионың екінші маңызды жеңісі Панама мәселесін шешу. Өткен жылы АҚШ дипломатиясы Панама үкіметімен тығыз жұмыс істеп, нәтижесінде Панама каналы Қытайдың бақылауынан шығарылып, АҚШ-тың стратегиялық бақылауына қайта өтті.
Қазіргі уақытта Рубио (этникалық кубалық) өзінің басты назарын Кубамен жасырын келіссөздер жүргізуге аударып отыр. Сейітмұратовтың айтуынша, Кубамен қарым-қатынасты жақсарту Рубионың беделін одан әрі күшейтіп, 2028 жылғы республикандық партияның праймеризінде Джей Ди Вэнспен бәсекеге түсуіне мүмкіндік береді.
Осыған орай, ішкі саясатта ғана көзге түсіп жүрген Джей Ди Вэнс үшін Иранмен келіссөздер халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік болмақ. Осылайша АҚШ-тағы жас саясаткерлер арасындағы саяси күрес халықаралық аренаға ауысуда, дейді саясаттанушы.
Айтқандай, Сауд Арабиясы сәуірдің аяғына дейін тасымалдау қиындықтары сақталса, мұнай бағасы 180 доллардан асады деп болжап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







