«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз», деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.
Озық технологиялар мен ғылым тілі
Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген.
Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек». Мемлекет басшысы: «Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда»
Мәдениет пен рухани елшілердің рөлі
«Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей.
Ал, бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.
Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас.
Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды.
«Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті».
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






