Қалада Жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктілері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң трендте!» атты ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоғамда заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілікті дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында белсенді жастар қала көшелеріне шығып, тұрғындарға арнайы тақырыптық ақпараттық парақшалар таратты. Шараның негізгі өзегі мемлекеттегі «Заң және тәртіп» қағидатын жастар мен қала тұрғындары арасында кеңінен түсіндіруге арналды.

Күнделікті өмірдегі құқықтық сауат
Ұйымдастырушылар «құқықтық аквариум» форматында өткен шара барысында тұрғындармен ашық әңгіме өрбітіп, күнделікті өмірде заң талаптарын білудің маңызын түсіндірді.
Волонтерлер таратқан жаднамаларда азаматтардың өз құқықтарын қорғау тетіктері, заңнамада белгіленген ортақ тәртіп нормалары мен оларды сақтау талаптары қамтылған. Тұрғындарға кез келген құқықтық норманы білу әр азаматқа қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға көмектесетіні және заңсыз әрекеттерден қорғайтыны еске салынды.
Жауапкершілік пен өзгелердің құқығын құрметтеу
Акция аясында қоғамдық тәртіпті сақтау мен кез келген құқық бұзушылық үшін қолданылатын заңды жауапкершілік мәселесіне де баса мән берілді. Белсенділер өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау ортақ мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Түсіндіру жұмыстары қаланың адам көп жиналатын негізгі көшелері мен қоғамдық кеңістіктерінде жалғасын тапты. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жастар арасында осындай ағартушылық бастамаларды тұрақты өткізуді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







