Алматыда Instagram желісінде миллионнан астам оқырманы бар заңгер, блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамауға алынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Блогерге ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 1-бөлігі («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылды. Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Сот шешімімен күдікті ретінде танылған Әділетхан Молдаханға 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Бұған дейін ол тонау әрекеті үшін сотталған», – делінген полиция хабарламасында.
Еске сала кетсек, блогер әлеуметтік желілерде Алматының Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты туралы резонансты жазбалар жариялап, жұртшылық назарын аударған болатын. Ол өз мәлімдемесінде жол-көлік оқиғасына құқық қорғау органының қызметкері қатысы болуы мүмкін екенін жазған.
Бұған қоса…
Қоғамдық қызығушылыққа байланысты полиция заңгердің бұрынғы қызметіне қатысты қосымша деректерді де жария етті. Ведомство ақпараты бойынша, Әділетхан Молдахан бұған дейін құқық қорғау органында қызмет еткен, бірақ жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылған.
«Растаймыз, ол ішкі істер органдарынан жағымсыз себептер бойынша жұмыстан босатылған», – деді департамент өкілдері.
Полиция сонымен қатар блогердің 2023 жылдың наурыз айында алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге күш қолданып, ірі көлемде ақша қаражатын ашық түрде иемденгені үшін бұрын сотты болғанын мәлімдеді.
Қазіргі таңда қылмыстық істің тергеу амалдары жалғасуда. Егер кінәсі дәлелденсе, Әділетхан Молдаханға 1000 АЕК (4 325 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







