Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірінің пошталық серверінен қызметтік хат-хабарды байқатпай қағып алуға қабілетті зиянды бағдарлама анықталды. Сарапшылар бұл шабуылды ресейлік арнайы қызметтермен байланысы бар делінетін Turla хакерлік тобымен байланыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кибершабуыл қалай анықталды?
Киберқауіпсіздік саласына маманданған халықаралық ESET компаниясына сілтеме жасаған NewTimes.kz мәліметінше, зиянды бағдарлама 2025 жылғы 28 қарашада Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірінің Microsoft Exchange пошталық серверінен табылған.
Талдау нәтижесі күдікті компоненттердің кибертыңшылыққа арналған бұрын белгісіз болып келген Cereal құралдар жиынтығына кіретінін көрсетті. Бұл бағдарлама ұйымның ішкі желісін зерттеуге, командаларды орындауға және электрондық хаттарды жинауға мүмкіндік берген.
Зерттеушілер кибершабуылға ұшыраған ведомствоның атауын ашып айтпады.
Хакерлер хат-хабарға қалай қол жеткізді?
Cereal бағдарламасының басты ерекшелігі – хаттарды жөнелту сәтінде тікелей қағып алу мүмкіндігінде. Бағдарлама хабарламалардың мазмұнын тексеріп, қаскөйлер үшін олардың көшірмелерін сақтап отыра алған.
Бұл ретте хат алмасу қалыпты режимде жалғаса бергендіктен, қызметкерлер бөгде араласуды байқамауы мүмкін еді.
Зиянды бағдарлама хаттарды жөнелтушілер мен алушылардың мекенжайлары, тақырыбы және тіркелген файл атаулары бойынша сүзгіден өткізуге жағдай жасаған.
Шабуылды басқару үшін қаскөйлер бұзылған пошта серверінің өзін пайдаланып, командаларды әдеттегі желілік трафик ретінде бүркемелеген. Бұл жүйедегі бөгде белсенділікті анықтауды айтарлықтай қиындатты.
Осыған ұқсас бағдарлама Румынияда да табылды
Қазақстанда Cereal анықталғаннан кейін ESET мамандары қауіп-қатерді табу құралдарын жетілдірді. Кейінірек дәл осындай бағдарлама 2025 жылғы 23 желтоқсанда шабуылға ұшыраған Румынияның мемлекеттік ұйымынан анықталды.
Онда зиянды бағдарламалық жасақтама НАТО мен Еуропалық одаққа (ЕО) қатысты хаттарды іздеуге бапталған. Қаскөйлерді белгілі бір тұлғалардың хат-хабарлары, соның ішінде құжаттары бар хабарламалар қызықтырған.
Қазақстанда нақты қандай хаттар шабуылдың нысанасына айналғаны және қаскөйлердің қаншалықты ақпаратты қолға түсіргені әзірге белгісіз.
Неліктен шабуыл Ресей ФСБ-сымен байланыстырылады?
ESET мамандары бұл бағдарламаны Snake деген атпен де танымал Turla тобымен жоғары деңгейде байланыстырады.
Зерттеушілердің мәліметінше, аталған топ кем дегенде 2004 жылдан бері әрекет етіп келеді және оны Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысты деп санайды.
Turla тобының негізгі нысаналары – Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыстағы мемлекеттік мекемелер, дипломатиялық өкілдіктер мен қорғаныс ұйымдары.
Сарапшылар бұл байланысты Cereal-дің бұған дейін зерттелген Turla құралдарымен техникалық ұқсастығы бойынша анықтады. Зерттеушілердің пайымынша, бағдарлама ұзақ уақыт бойы жасырын бақылау жүргізуге және ақпарат жинауға арналған.
Қазақстанның мемлекеттік органдарына жасалған алдыңғы шабуылдар
2025 жылғы желтоқсанда Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы (ЦАРКА) Қазақстанның бірнеше мемлекеттік органының жүйесі бұзылғаны туралы хабарлаған еді.
«Қаскөйлер кем дегенде жарты жыл бойы ведомстволардың ішкі жүйелеріне, соның ішінде Microsoft Exchange пошталық серверлеріне қолжетімділікті сақтап, қызметтік хат-хабарлар мен кіру деректерін ала алған», – деп мәлімдеді ЦАРКА мамандары.
2026 жылғы наурызда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдардың бұл оқиғалардан хабардар екенін мәлімдеді. Дегенмен ведомство деректердің ауқымды түрде таралып кеткенін растаған жоқ.
Бұл ретте ЦАРКА хабарлаған оқиғалар мен ESET зерттеген кибершабуылдың бір-бірімен байланысты немесе байланысты еместігі белгісіз болып қалуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





