Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды жиын Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде басталды. Оны университет Түркия Республикасының Сауда министрлігімен, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығымен, Түркістан облысы әкімдігімен, Қыршехир Ахи Евран университетімен және Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Симпозиумның басты мақсаты түркі әлеміне ортақ құндылықтарды ғылыми, мәдени және қоғамдық тұрғыдан талқылау. Жиында ахилік дәстүрінің мәні кеңінен қозғалды. Бұл ұғым тек қолөнершілер ұйымын білдірмейді. Ол адал еңбек, адал табыс, бауырластық, ынтымақ және кәсіби әдепке негізделген өркениеттік үлгі.
Ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйледі. Ол бұл басқосу өңірдің мәдениеті мен қолөнеріне көрсетілген құрмет екенін айтты. Сондай-ақ мұндай шаралар қолөнершілерге тәжірибе алмасуға, өнімін халықаралық деңгейде танытуға және жаңа байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Облыс әкімі өткен жылы Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл заң қолөнершілер кәсібін дамытуға жол ашты. Бұдан бөлек, 2025 жылдың ақпанында «WCC International» ұйымының шешімімен Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілген.
Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Күршад Зорлу да жиынның маңызын атап өтті. Ол Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ыстық сәлемін жеткізді. Сонымен бірге алдағы мамырда Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында мұндай шараның мазмұны ерекше екенін айтты.
Симпозиумда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты да оқылды. Хатты Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі таныстырды. Онда Қожа Ахмет Ясауидің түркі жұртына ортақ рухани тұлға екені айтылған. Сондай-ақ Ясауи мұрасын зерттеу түркі халықтарының байланысын нығайтатыны атап өтілген.
Жиында «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Түркия Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан, Түркияның Астанадағы бас консулы Мустафа Капучу, Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбекова да ой бөлісті.
Симпозиум 1-3 сәуір аралығында жалғасады. Осы күндері ахилік дәстүрі мен Қожа Ахмет Ясауи ілімі арасындағы сабақтастық талқыланады. Сонымен бірге түркі әлемінің ортақ мәдени болмысын айқындайтын ғылыми баяндамалар жасалады.
Түркістандағы бұл жиын жай ғылыми басқосу ғана емес. Ол түркі дүниесінің ортақ рухани негізін жаңаша танытатын маңызды алаңға айналып отыр.
Кентауда бала тәрбиесіне қатысты маңызды әңгіменің тиегі ағытылды. Қалада өткен мазмұнды семинар-тренингте бала болмысы, ата-ана жауапкершілігі және тәрбие мәдениеті кеңінен сөз болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







