«Отбасы банкі» тұрғын үй кезегіне жаппай тексеріс жүргізіп, нәтижесінде мыңдаған адам кезектен шығарылды. Дегенмен ондаған жылдар бойы баспана күткендер жаңа пәтерлердің кілтін алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Былтырдан бері банк тұрғын үй кезегін әкімдіктерден өзіне алып, барлық тізімді «Тұрғын үймен қамту орталығы» атты бірыңғай жүйеге біріктірген болатын. Нәтижесінде 16,5 мыңнан астам адам кезектен шығарылып, 74 мың адамның кезегі уақытша тоқтатылды, ал 75,4 мың азаматтың өтініші қабылданбады. Мұның басты себебі өтініш бергендердің баспанасы бар болып шықты немесе отбасының өзге мүшелері кезекте тұр.
Қазір жалпы кезекте шамамен 969 мың адам бар. Олардың 30 пайызы әлеуметтік тұрғыдан басым санатқа жататын азаматтар жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы отбасылар.
2025 жылдың соңынан бері мемлекет тұрғындарға 21 мыңнан аса пәтер бөлген. Оның ішінде 6 670 пәтер жалға берілсе, тағы 2 343 пәтер 2% және 5% жеңілдетілген несие арқылы рәсімделуде.
«Баспанаға 20 жылдан астам уақыт кезекте тұрған адамдар қол жеткізді. 986 жетім бала қоныс тойын атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі 1 077 азамат баспаналы болса, 1,2 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты», – деп хабарлады «Отбасы банкі».
Биыл алғаш рет жесір әйелдер мен ер адамдар жеке санат ретінде бөлініп, бұрынғыдай толық емес отбасылармен бірге жалпы кезекте ұзақ күтпейтін болды.
Жаңа тәртіп бойынша соңғы бес жылда үйі болмаған немесе баспанасы апатты деп танылған кез келген қазақстандық кезекке тұра алады. Бұл мүмкіндік іске қосылған алғашқы күндері 176 мың өтініш түскен. Қазір бұл көрсеткіш біршама тұрақталды.
Бұған дейін біз «Отбасы банктің» тиімді бағдарламаны іске қосқанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







