Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларды көлік құжаттарын уақытында тексеруге шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрліктің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек жүргізушілерге техникалық байқау, сақтандыру полисі мен жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімін кейінге қалдырмай тексеруге кеңес берді.
«Құрметті жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылар! Құжаттарыңызды қазір тексеріп алыңыз. Әңгіме тек техникалық байқау мен сақтандыру туралы ғана емес. Жүргізуші куәлігіңіздің де жарамдылық мерзімін бір қарап өтіңіз. Мұны қазір онлайн режимде, бірнеше минут ішінде жасауға болады. Мәселе қағаз жүзіндегі формалдылықта емес, сіздің және өзгелердің қауіпсіздігінде. Техбайқаудан өту көлігіңіздің қауіпсіз екенін білдіреді. Ал сақтандыру полисі жол апаты болған жағдайда сізді қорғайтын басты құжат. Автоматтандырылған камералар осы құжаттардағы кемшіліктерді қазірдің өзінде анықтап жатыр», – деді ІІМ баспасөз хатшысы.
Министрлік өкілі ескертулердің басты мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, керісінше жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алу және адамдардың өмірін сақтап қалу екенін айтты.
«Қарапайым талаптарды орындау сіздің қорғанысыңыз әрі жолдағы тәртіптің кепілі. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады», – деп түйіндеді Шұғыла Тұрлыбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







