Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне себепкер болған Zeekr көлігінің жүргізушісі медициналық мекемеден тергеу изоляторына ауыстырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Полиция департаментінің хабарлауынша, бұған дейін күдікті ауруханада күзетпен жатқан. Сот оны қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын таңдаған.
«Күдікті қылмыстық іс аясында тергеу абақтысына ауыстырылды», – деп мәлімдеді қалалық полицияның өкілдері.
Еске салайық
Қайғылы оқиға 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған еді. ZEEKR автокөлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes салонындағы үш адам көз жұмды.
ІІМ мәліметінше, апат кезінде ZEEKR жүргізушісі мас күйде болған. Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ осы оқиғаға қатысты бірнеше қосымша іс те тексеріліп жатыр. Атап айтқанда, бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз беру фактісі бойынша ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті айналысуда.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматыға ІІМ арнайы комиссиясы жіберілді. Оның құрамында Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және жеке құраммен жұмыс департаментінің өкілдері бар.
Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, күдіктінің отбасы татуласуға әрекет жасаған. Барлық деректер мен қоғамдық ортада тарап жатқан ақпараттарды арнайы комиссия мұқият тексеруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







