Қазақстандағы мұғалімдердің жалақысы номиналды түрде өскенімен, шынайы табысы жылдан-жылға азайып барады. Инфляцияның қарқыны білім саласындағы еңбекақы өсімін толық жұтып қойған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша білім беру саласындағы орташа айлық номиналды жалақы 6,8%-ға артып, 322,7 мың теңгеге жеткен. Бірақ инфляция деңгейін ескергенде, педагогтардың нақты табысы керісінше 4,1%-ға төмендеп кеткен.
Сарапшылардың айтуынша, білім беру қызметкерлерінің нақты табысы 2023 жылдан бері тұрақты түрде азайып келеді. Бұған дейінгі жылдары төмендеу қарқыны баяу болса, 2025 жылы көрсеткіштер күрт нашарлаған.
Жалпы экономиканың өзінде де нақты жалақының азаю үрдісі байқалады. Дегенмен білім беру саласындағы жағдай әлдеқайда нашар болып шыққан.
Бүгінде білім беру саласында шамамен 1,1 миллион адам еңбек етеді. Оның ішінде мектептер мен колледждерде жұмыс істейтіндер үлесі 64% немесе 708 мың адам. Ең үлкен шығын дәл осы орта білім саласында байқалды. Осы сектордағы педагогтардың нақты табысы 6,1%-ға төмендеген.
Бірнеше жыл бұрын жағдай мүлде басқаша еді: 2019-2021 жылдары мұғалімдердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 17,8%-ға өсіп, өзге салаларды басып озған болатын.
Ал қазір инфляция педагогтардың табысын толығымен «жұтып», нақты өмір сүру деңгейін төмендетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







