Алматы алдағы бес жылда бұрын-соңды болмаған көлік жаңғыруының кезеңіне қадам басқалы тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала билігі 2026–2030 жылдарға арналған ауқымды жоспарды бекітіп, жаңа көшелерді ұзарту, метро желісін кеңейту, LRT іске қосу және SkyTrain жүйесін салу бағытын айқындады. Жоба ауқымы тек қозғалыс жүйесін емес, қаланың кеңістік құрылымын да өзгертетін түрі бар.
Жоспарға сай, алдағы жылдары Алматыда 12 көше пробивкасы мен ұзарту жұмысы жүреді. Негізгі өзгеріс Абылай хан емес, көлік өзегіне айналған күре желілерге түседі.
Атап айтқанда, Абай, Райымбек, Рысқұлов даңғылдары, Саин, Төле би, Тілендиев және өзге де бағыттар кеңейтіледі не қала шетіне дейін созылады. Соның ішінде Абай даңғылы Қалқаман жақтан қала шекарасына дейін, Саин көшесі Рысқұловтан Мөңке биге дейін, Төле би Яссауиден қала шекарасына дейін, Рысқұлов Оңғарсыновадан ары қарай ұзартылмақ.
Тізім мұнымен бітпейді
Жұбанов көшесі Момышұлынан қала шекарасына дейін, Солтүстік айналма жол, Оңғарсынова, Хмельницкий және Мұқанов көшелері де жаңа жобаның ішіне кіріп отыр. Мұндай инфрақұрылымдық серпіннің екінші беті де бар: ондаған тұрғын үй мен коммерциялық нысан сүрілуі мүмкін. Демек, қала көлік жүйесін кеңейту жер телімін сатып алу мен нысан босатуды да қатар ала келеді.
Қазір жобалау сатысында тұрған жаңа бағыттар да бар. Солардың қатарында Талғар тракты, Алдар көсе, Ахметов, Закарпатская көшелері мен Рысқұлов даңғылының жекелеген бөлігін жаңғырту жоспары тұр.
Метроға келсек, 2026 жылы «Қалқаман» станциясын іске қосу көзделген. Ал 2030 жылға дейін желі «Барлық» базарына қарай тағы үш станциямен жалғасуы тиіс. Бұдан бөлек, екі жаңа бағыт қарастырылған. Біріншісі «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін созылады.
Онда сегіз станция болады, ұзындығы 14 шақырым. Екіншісі «Сайраннан» Алатау қаласы маңындағы «Северный» көлік-ауысу торабына дейін барады. Мұнда 12 станция салынып, ұзындығы 22 шақырымға жетеді. Екінші желіні тарту үшін Алматының Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарындағы бірқатар үй сүрілуі ықтимал.
Қала жоспары метромен шектелмейді
Алматыда жалпы ұзындығы 32,5 шақырым болатын LRT жобасы да іске аспақ. Бірінші кезеңде желі деподан Алматы-2 вокзалына дейін тартылып, ұзындығы 18 шақырым болады. Екінші кезеңде маршрут «Барлық» және «Шығыс қақпасы» көлік тораптарына дейін жалғасып, тағы 14,5 шақырым қосылады.
SkyTrain, яғни монорельс жүйесі де осы үлкен өзгерістің бір бөлігіне айналмақ. Оның жалпы ұзындығы 42 шақырым болады. Алғашқы желі «Барлық» көлік торабынан Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма арқылы Құлжа тасжолына дейін созылады. Екінші желі Райымбек бойымен шеңбер форматында жүруі мүмкін.
BRT бағыты да кеңейеді
Қазірдің өзінде Райымбек даңғылы бойында 17 шақырымдық желі салынып жатыр. 2030 жылға қарай оған тағы 296 шақырым қосылмақ. Яғни автобусқа арналған жедел дәліз Алматының көлік жүйесіндегі ең көлемді элементтің біріне айналуы ықтимал.
Жоба аясында жаңа жаяу жүргінші өткелдері де салынады. Олар Тимирязев көшесі бойында, ҚазҰУ маңында, Алматы-2 вокзалы мен «Райымбек батыр» метро станциясы арасында, А-3 трассасы бойында, сондай-ақ Рысқұлов пен Құлжа тракті қиылысында пайда болуы мүмкін.
Қысқасы, Алматы енді көлік мәселесін ұсақ жөндеумен емес, ірі қайта құрумен шешуге кіріскелі отыр. Бірақ осындай алып жоспардың шынайы бағасы жаңа рельс пен жаңа көшеде ғана емес, сүрілетін үйлер, өзгеретін маршруттар және қала кеңістігінің қайта бөлінуінде жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







