Бүгін Астанада ҚР Энергетика министрлігінде Корея Республикасының жоғары лауазымды делегациясымен бірқатар жұмыс кездесулері өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кван бастаған делегациямен кездесті. Тараптар екі мемлекет арасындағы саяси қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Кездесуде министрлер энергетикалық салада жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген ортақ мүдделілікті растады.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы өзара ынтымақтастық мәселесі кеңінен талқыланды. Қазақстан тарапы Корея ұлттық мұнай корпорациясының (KNOC) ел нарығындағы көпжылдық табысты тәжірибесіне тоқталып, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға мұнай жеткізуді тұрақты әрі өзара тиімді шарттармен жүзеге асыруға келісті.
Электр энергетикасы саласындағы серіктестік те назардан тыс қалмады. Осы саладағы ірі серіктес Doosan Enerbility компаниясы Атырау облысында 310 МВт қуаты бар «Қарабатан» бу-газ қондырғысын іске асыруда оң нәтиже көрсеткен болатын. Қазір бұл компания Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын ірі жобаның бас мердігері ретінде жұмыс істеп жатыр.
Кездесу соңында оңтүстіккореялық компанияларға Қазақстандағы энергетикалық және инфрақұрылымдық жаңа жобаларға мердігер ретінде ғана емес, толыққанды инвестор ретінде қатысу ұсынылды.
Екі елдің өкілдері болашақта да энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытып, озық технологияларды енгізу арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын жаңа жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысын ресейлік тараптың қатысуынсыз жүргізетін болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







