Қызылорда да «Aksa Energy» түркиялық компаниясының жеке инвестициялары есебінен заманауи бу-газ қондырғысында (БГҚ) іске қосу-реттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Кәсіпорын 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіреді. Нысан өңірдегі энергия тапшылығын толығымен жабуға мүмкіндік береді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі іске қосылып, екі газ турбиналық қондырғы тәулік бойы жұмыс істеуде. Бұл екі қондырғы біртұтас энергия жүйесіне 170 МВт қуат беруде. Осылайша Қазақстанның оңтүстік аймағындағы энергия тапшылығын азайтуға елеулі үлес қосуда.
Алдағы уақытта тағы бір бу турбиналық қондырғы пайдалануға беріліп, жаңа электр станциясының қуаты толық жобалық көрсеткіштерге шығады. Жоспар бойынша, жақын айларда станция өзінің толық қуаттылығын көрсете бастайды.
Қызылордадағы бұл ірі жобаның іске асырылуы Энергетика министрлігінің Қазақстандағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту мен дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. Биыл республика бойынша рекордтық көлемде жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосылмақ.
Жалпы жоспарда Қызылорда бу-газ қондырғысынан бөлек, тағы да үш бу-газ станциясын, екі жел электр станциясын және төрт күн электр станциясын іске қосу көзделген. Бұған қоса, екі жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысанның қуаттылығы да ұлғайтылмақ.
Жаңа іске қосылған энергетикалық объектілердің арқасында жылына шамамен 16 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіру мүмкіндігі пайда болады. Бұл Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейін толықтай жойып, 2029 жылға қарай энергия қуатының тұрақты профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Қызылорда облысында салынған жаңа бу-газ қондырғысы өңірдегі энергиямен қамтудың сенімділігін арттырып қана қоймай, жалпы ел экономикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Таяуда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кван бастаған делегациямен кездесті. Тараптар екі мемлекет арасындағы саяси қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







