Қазақстанда биометриялық сәйкестендірудің жаңа ережелері енгізіліп, банктер мен қаржы ұйымдарының жұмысы түбегейлі өзгереді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Олар барлық банктерге, соның ішінде шетелдік банктерге, микроқаржы ұйымдары мен төлем қызметтеріне міндетті болады.
Жаңашылдықтың басты ерекшелігі клиенттерді сәйкестендіру үшін бет-әлпеттің суретімен қатар, енді алақан ізі де қолданылады. Тексеру кезінде суреттегі сәйкестік 95%-дан асса, клиент автоматты түрде ұлттық биометриялық базаға тіркеледі.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Клиенттің бет-бейнесі банктің деректер алмасу орталығындағы эталондық суретпен салыстырылады. Эталонды суреттер Ұлттық биометриялық сәйкестендіру жүйесінің негізінде жасалады. Жүйе тексеріс кезінде суреттің шынайы адамға тиесілі екеніне көз жеткізуі тиіс.
Сонымен қатар, енді алақан ізі арқылы жаңа сәйкестендіру әдісі де енгізіледі. Оның эталоны лицензиясы бар биометрия операторынан алынады. Клиент дерегі тек арнайы биометриялық сканер арқылы ғана алынуы тиіс. Смартфон арқылы алақан ізін түсіруге тыйым салынады.
Клиент биометриялық тексеруден үш мәрте өте алмаған жағдайда, жүйе бет-әлпет арқылы сәйкестендіруге көшеді.
Балама әдістер
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған балама әдістер қарастырылған. Олар сәйкестендіруден видеоконференция немесе сурет түпнұсқалығын арнайы технологиялар арқылы тексеру арқылы өте алады.
Биометрия міндетті болатын жағдайлар:
- банктік шотты қашықтан ашу кезінде;
- электронды цифрлық қолтаңбаны алғанда;
- 150 АЕК-тен (648 750 теңге) асатын несие рәсімдегенде;
- банк қосымшасы немесе сайтына алғаш рет тіркелгенде;
- клиент деректері жүйелі түрде жаңартылғанда.
Бұған дейін де қаржы реттеушісі бет-әлпет арқылы биометриялық сәйкестендіру талаптарын енгізген болатын. 2026 жылғы 19 наурыздан бастап онлайн несиені биометриялық тексерусіз беруге банктерге тыйым салынған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







