Іле ауданында өткен «Таза өлке – таза жер» экологиялық акциясы жай ғана сенбілік емес, ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісіне айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін аудан аумағында республикалық абаттандыру бағдарламасы аясында ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Акцияның негізгі нүктелерінің бірі ретінде «Үш ұрпақ» ескерткішінің маңы таңдалды. Осы аумақта зиялы қауым өкілдері, Іле ауданының мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп еңбек етті. Жиналған жұрттың құрамы да, таңдалған орынның өзі де шараның мазмұнын тереңдете түсті.
«Үш ұрпақ» монументі жанындағы басқосу көп нәрсені аңғартты. Туған жерге жанашырлық таныту, айналаны күтіп ұстау, елге деген құрметті іспен көрсету – аға буынға да, орта буынға да, жасқа да ортақ міндет. Акцияға қатысушылар сұхбат барысында осы ойды ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, туған жерге қамқорлық жасау – ұрпақтарды бір мақсатқа тоғыстыратын азаматтық ұстаным.
Шара барысында ескерткіш аумағы мен оған іргелес кеңістік мұқият тазартылды. Жаяу жүргіншілер жолдары қоқыстан аршылып, жасыл желекке санитарлық бұтау жасалды, гүлзарлар ретке келтірілді. Сонымен қатар кіші сәулет нысандары сырланып, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Осындай тірліктің бәрі ауданның көркін кіргізумен қатар, қоғамдық орындарға деген жауапкершілік мәдениетін де қалыптастырады.

Акция өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды. Бұл да заңды. Себебі тазалық тақырыбы соңғы кезде тек коммуналдық мәселе аясында қаралмай, қоғамдық сана, ортақ тәртіп, азаматтық мәдениетпен бірге айтылып жүр.
Ортақ жауапкершілік
Іле ауданындағы бүгінгі шара осы ұстанымның нақты мысалы болды. Ескерткіш жанындағы тазалық жұмысы тарихи орынға құрмет көрсетудің, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстаудың және жастарды пайдалы іске жұмылдырудың қатар жүргенін көрсетті.
Ұйымдастырушылар киелі орындар мен ескерткіштердің тазалығы халықтың мәдени деңгейін, тарихқа деген көзқарасын білдіретінін айтты. Әсіресе ауданға жанашыр жастардың көптеп қатысуы іс-шараның салмағын арттырды. Қолына құрал алып, ортақ іске араласқан жас буын сөзден гөрі әрекетті алға шығарды. Осындай қадамдар арқылы тазалық науқаны құр ұран деңгейінде қалмай, күнделікті дағдыға айнала бастайды.

Іле ауданының әкімдігі акцияға қатысқан барша тұрғынға, еріктілерге, мекеме өкілдеріне және бастаманы кеңінен жария еткен журналистерге алғыс білдірді. Тазалыққа үндейтін мұндай шаралар елді мекеннің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймайды. Ол ауданның ішкі мәдениетін, ортаға деген көзқарасын, туған жерге деген құрметін де айқындайды.
Тазалық табалдырықтан басталады деген сөз бекер айтылмайды. Ал Іле ауданындағы бүгінгі акция сол сөздің нақты іске айналғанын көрсетті.
Алматы облысында медициналық қызмет сапасы артып, ауыл тұрғындары үшін денсаулық сақтау қолжетімді бола түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 44 жаңа медициналық нысан ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







